$ 495.1  583.72  6.46
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Мәжіліс спикері Беларусь әріптестеріне алдағы конституциялық реформа жайлы айтып берді

Қошанов Беларусь басшысына президент бастамасымен Қазақстанда жүргізіліп жатқан ауқымды саяси өзгерістер туралы айтып берді

Мәжіліс спикері Беларусь әріптестеріне алдағы конституциялық реформа жайлы айтып берді
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов Беларусь Республикасына ресми сапармен барды. Ол Минскіде ел Президенті Александр Лукашенкомен, Ұлттық жиналыстың Өкілдер палатасының басшысы Игорь Сергеенкомен және Республика Кеңесінің төрағасы Наталья Кочановамен кездесті. Тараптар екіжақты қарым-қатынастың жоғары деңгейін атап өтіп, парламентаралық ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын талқылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Беларусь Республикасының президенті Александр Лукашенкомен кездесуде Ерлан Қошанов Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың зор ықыласы мен ізгі тілегін жеткізіп, халықтарымыздың арасындағы терең тарихи байланысты атап өтті. Ол екі ел Президенттерінің сенімді саяси қарым-қатынасының арқасында бүгінде Қазақстан-Беларусь байланысы стратегиялық әріптестік деңгейіне көтерілгеніне ерекше тоқталды. Сауда-экономика, өндіріс, ауыл шаруашылығы, көлік және басқа да салалардағы ынтымақтастықтың жоғары қарқыны – соның нақты нәтижесі.

Ерлан Қошанов Беларусь басшысына бүгінде президент бастамасымен Қазақстанда жүргізіліп жатқан ауқымды саяси өзгерістер туралы айтып берді. Елімізде мемлекеттің қоғамдық-саяси және құқықтық архитектурасын түбегейлі жаңғыртатын жаңа Конституцияның жобасы кеңінен талқылануда. Ата заңның жаңа жобасы бойынша түпкілікті шешімді бүкілхалықтық референдумда ел азаматтары қабылдайды.

Александр Лукашенко президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жылы лебіздерін жолдады. Ол қазіргі күрделі кезеңде екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтудағы парламентарийлердің рөлін ерекше атап өтті. Бұл орайда Беларусь пен Қазақстанның көпполярлылық пен егеменді мемлекеттердің дамуын қолдайтынын, халықаралық күн тәртібінде ортақ ұстанымға ие екенін айтты. Сондай-ақ Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына кіру кезінде Беларусьті қолдағаны үшін Қазақстанға алғысын білдірді.

Беларусь басшысы Қазақстанмен арадағы қазірдің өзінде 1 млрд доллардан асқан тауар айналымының жоғары өсу қарқынына оң баға беріп,  машина жасау мен ауыл шаруашылығындағы кооперацияны кеңейтуге шақырды.

Ұлттық жиналыстың Өкілдер палатасының басшысы Игорь Сергеенкомен кездесуде парламентаралық диалогтан бастап екі ел арасындағы экономикалық, мәдени ынтымақтастыққа дейінгі кең ауқымдағы мәселелер талқыланды.

«Қазақстан мен Беларусь – сенімді стратегиялық серіктес. Мемлекеттер басшылары мұны үнемі айтып келеді.  Екі ел арасында жемісті саяси диалог жолға қойылған. Өнеркәсіпте, машина жасауда және аграрлық салада кооперациялық байланыс кеңейіп жатыр. Екі мемлекеттің парламенттері де өзара қарым-қатынастың қарқынды дамуына зор үлес қосуда. Заң шығару ісінде тұрақты тәжірибе алмасу жолға қойылып, достық топтары белсенді әрі нәтижелі жұмыс істеп жатыр, депутаттарымыздың арасында бекем байланыс орнаған», – деді Мәжіліс спикері.

Өз кезегінде Игорь Сергеенко Қазақстан Беларусь елі үшін әрдайым уақыт сынынан өткен дос, стратегиялық серіктес әрі одақтас болып қала беретінін айтты. Ол Астана сияқты Минскі де сындарлы, біріктіретін күн тәртібін халықаралық алаңдарда ілгерілетуге басымдық беретініне мән берді.

Өкілдер палатасының төрағасы Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалар бағытын жоғары бағалады. Қазақстанның түрлі саладағы заң шығару жұмысындағы тәжірибесін Беларусь депутаттары жан-жақты зерделеп отырғанын атап өтті.

Спикерлер цифрландыру саласындағы парламенттердің қызметіне де ерекше назар аударды. Мәжіліс төрағасы Мемлекет басшысының үш жыл ішінде Қазақстанды цифрлық мемлекетке айналдыру міндетін алға қойғанына тоқталды. Осы ретте депутаттар әзірлеген Цифрлық кодекс пен Жасанды интеллект туралы заң күшіне енді. Астанада халықаралық ЖИ орталығы, «Astana Hub» технопаркі қарқынды жұмыс істеп тұр, сондай-ақ Орталық Азиядағы ең қуатты суперкомпьютер іске қосылды.

Кездесу қорытындысы бойынша депутаттар заңнамалық жұмыс бойынша өзара тәжірибе алмасуды жалғастыруға, парламентаралық ұйымдар аясында, сонымен қатар достық топтары, салалық комитеттер мен парламенттер аппараттары желісі бойынша ықпалдастықты нығайтуға уағдаласты.

Ерлан Қошанов екі елдің заң шығарушы органдары арасындағы әріптестікті дамыту мәселелерін Республика Кеңесінің төрағасы Наталья Кочановамен де талқылады.

«Біздің парламентаралық қарым-қатынасымыз қарқынды дамып келеді. Жеке байланыстың арқасында өзара сенім мен құрмет нығаюда. Парламентаралық ұйымдар шеңберінде де тығыз байланыстамыз. Бір-біріміздің бастамаларымызға қолдау білдіруде де жақсы тәжірибе бар. Біз Парламентаралық Одақ, ТМД Парламентаралық Ассамблеясы, ҰҚШҰ және ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеялары аясындағы өзара дәстүрлі ықпалдастықты одан әрі кеңейтуге ниеттіміз», – деді Мәжіліс төрағасы.

Екі ел арасындағы мәдениет және білім беру салалары бойынша парламенттік қолдауды кеңейту, жастарға арналған бірлескен жобаларды іске асыру, туризм мен инновация бағытында өнеркәсіптік кооперацияны дамыту бойынша екіжақты ынтымақтастықты күшейту мәселелері қамтылған мазмұнды әңгіме өрбіді.

Ұлттық жиналыстың Өкілдер палатасы мен Республика Кеңесінде өткен кездесулерде Ерлан Қошанов Беларусь депутаттарына Қазақстанда жүргізіліп жатқан Конституциялық реформала туралы айтып берді. Ол жаңа Конституцияның жобасы Қазақстан Парламентінің құзыретін едәуір күшейтетінін, қоғамның саясатқа араласуын кеңейтетінін және «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласын нығайтатынын ерекше атап өтті.

Сапар аясында Мәжіліс депутаттары Минскідегі Жеңіс монументіне гүл шоғын қойды.  «БЕЛАЗ» зауытына және «Хатынь» мемлекеттік мемориалдық кешеніне барып, Екінші дүниежүзілік соғыс құрбандарын еске алды.