Қаратау бөктерінде бәйшешек бүр жарды: сирек гүлді жұлғандар заң алдында жауап береді
Сирек өсімдік мемлекет қорғауында, экологтер жұлуға болмайтынын ескертеді
Қаратау жоталарының етегінде көктемнің алғашқы тынысы сезіле бастады: қорық аумағында бәйшешек бүр жарып, тау бөктеріне нәзік ажар берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қаратау мемлекеттік табиғи қорығының қорғау аймағында қысқы тыныштықтан кейін табиғат қайта жанданып, нәзік ақ түсті алғашқы көктем гүлдері бой көрсетті. Күннің жылынуы мен қардың еруі бұл құбылысты жеделдетіп, тау баурайына ерекше көрік беріп отыр.
Қорық мамандарының айтуынша, бәйшешек – ауа райына аса сезімтал өсімдік. Қар толық кеткен сәттен бастап, ол бірден жер бетіне шығып, табиғаттағы маусым алмасуының басталғанын білдіреді
«Бәйшешек — көктемнің алғашқы тынысы, тазалық пен табиғаттың жаңаруын бейнелейтін символ. Қаратаудың баурайында гүлдеген әрбір бәйшешек тіршіліктің ең қатал қыстан кейін де қайта жанданатынын еске салады», — дейді қорық қызметкерлері.
Экологтер бұл бәйшишектің өте сирек кездесетін өсімдік екенін ескертті. Ол Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген және мемлекет қорғауына алынған. Гүлді жұлу немесе зақымдау табиғи тепе-теңдікке зиян келтіріп қана қоймай, заң алдында жауапкершілікке әкелуі мүмкін.
Мамандардың айтуынша, алғашқы көктем гүлдерін жаппай жұлу олардың табиғи ортадан біржола жоғалу қаупін күшейтеді. Сондықтан бүр жарған бәйшешектерді тек көзбен тамашалап, суретке түсіруге ғана рұқсат етілген.