«Ұлттық координаттар жүйесін енгізу қажет»: депутат жүйелі шешімдер қабылдауды талап етті
Ол жасанды интеллекті министріне ұсыныс айтты
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Екатерина Смышляева Қазақстан президентінің экономиканың барлық саласын кешенді цифрландыру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында ұлттық геодезиялық инфрақұрылымды дамыту мен дәл кеңістіктік деректерді пайдалану ерекше маңызға ие болып отырғанын айтты, деп жазады Azattyq Rýhy.
«Бүгінде кеңістіктік деректер тек техникалық құрал ғана емес, цифрлық мемлекеттің архитектурасының базалық элементіне айналды. Мемлекеттік координаттар жүйесінің дәлдігі адрестік тіркелімдердің, кадастрлық деректердің, қала құрылысын жоспарлаудың, аумақтарды басқарудың және жасанды интеллект негізіндегі шешімдерді қоса алғанда, цифрлық сервистердің сапасына тікелей әсер етеді.2023 жылы Қазақстанда ескірген СК-42 жүйесінің орнына заманауи мемлекеттік координаттар жүйесі QazTRF-23 әзірленіп, қолданысқа енгізілді.Бүгінгі таңда жаңа координаттар жүйесіне толық көшу үшін барлық қажетті техникалық және әдіснамалық алғышарттар жасалған», - деді Смышляева өзінің депутаттық сауалында.
Ол атағандай, QazTRF-23 жүйесін практикалық енгізу үдерісі фрагментарлы сипатқа ие.
«Үкіметтің жаңа координаттар жүйесін міндетті түрде пайдалану туралы қаулысы толық көлемде орындалмай отыр. Бірқатар жаңа жобалық және есептік жұмыстар бұрынғы координаттар жүйелерінде жүргізіліп жатыр, ал негізгі мемлекеттік ақпараттық жүйелер, соның ішінде бірыңғай мемлекеттік жер кадастры мен жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі әлі де ескі форматта жұмыс істеп жатыр. Координаттар жүйелерінің бытыраңқылығы ерекше алаңдаушылық тудырады. Мәселен, QazTRF-23 жүйесіне көшкенге дейін тек Алматы қаласының аумағында әртүрлі ұйымдар тарапынан бірыңғай келісу әдіснамасынсыз құрылған 72 жергілікті координаттар жүйесі қатар қолданылған. Осындай жағдай елдің басқа өңірлерінде де байқалды», - деді ол.
Депутат атағандай, бұл ретте сәулет және құрылыс, жер қатынастары, көлік, жер қойнауын пайдалану, экология және қауіпсіздік сияқты салалардағы басқарушылық шешімдердің 80 пайызына дейін кеңістіктік деректерге негізделіп қабылданатынын атап өткен жөн.
«Қосымша тәуекел факторы – жергілікті атқарушы органдардың қарауындағы ретроспективті деректерді көшірудің тиімді тетіктерінің болмауы, сондай-ақ кеңістіктік деректерді ұлттық кеңістіктік деректер қорына беру жөніндегі заңнама талаптарының іс жүзінде орындалмауы. Жағдай институционалдық факторлармен де күрделене түсіп отыр. Геодезия және картография саласындағы уәкілетті органның Комитет деңгейінен департамент деңгейіне төмендетілуі ведомствоаралық үйлестіруді әлсіретті. Сонымен қатар жекелеген мемлекеттік органдар тарапынан қарсылық байқалып отыр. Бұл түсінікті, себебі бірыңғай заманауи координаттар жүйесіне көшу жылдар бойы жинақталған даулы әрі дәлдігі төмен аумақтық шешімдерді анықтайды, ал олар үшін бүгінгі күні жеке жауапкершілік белгіленбеген», - деді ол.
Смышляева атағандай, осылайша технологиялық тұрғыдан дайындық кезеңіне жеттік, алайда басқарушылық және институционалдық алшақтыққа тап болдық.
«Жаңа координаттар жүйесі бар, бірақ ол негізгі мемлекеттік цифрлық сервистерге толық енгізілмеген, ал деректер әлі де бытыраңқы әрі өзара салыстырмалы емес күйде қалып отыр», - дейді ол.
Осыған байланысты депутат төмендегі шұғыл әрі жүйелі басқарушылық шешімдерді қабылдау қажет деп санайды:
- Ретроспективті кеңістіктік ақпаратты QazTRF-23 жүйесіне орталықтандырылған әрі жедел көшіруді қамтамасыз етіп, бірыңғай көшіру жоспарын бекіту және жауапты операторларды айқындау.
- Негізгі мемлекеттік ақпараттық жүйелерді (ЕГКН, АИС ГЗК және өзге де жүйелер) QazTRF-23 координаттар жүйесіне техникалық көшіруді қамтамасыз ету, ал көшу басталған жағдайда – оның аяқталуын жеделдету.
- QazTRF-23 жүйесін міндетті қолдану туралы Үкімет қаулысының орындалуын бақылауды күшейту, оның ішінде жаңа жобалық және есептік жұмыстарға мониторинг жүргізу.
- Қателер мен сәйкессіздіктерді жоюды, сондай-ақ туындайтын дауларды шешу тәртібін көздейтін уақытша «тігіссіз көшу» тетігін әзірлеу.
- Кеңістіктік деректерді қамтитын мемлекеттік және өңірлік геопорталдардың интеграциясын қамтамасыз ету.
- Жергілікті атқарушы және орталық мемлекеттік органдар әзірлейтін кеңістіктік деректерді Ұлттық кеңістіктік деректер қорына беру жөніндегі заңнама нормасының орындалуын қамтамасыз ету.