«Қатер төндіреді»: депутат білім мекемелеріндегі қауіпсіздік мәселесін көтерді
Ол Алматыда студенттің мұғалімге шабуылын айрықша атап өтті
Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Самат Нұртаза білім беру мекемелеріндегі қауіпсіздік жөнінде премьер-министрдің орынбасары Аида Балаеваға депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Депутаттың айтуынша, білім беру мекемелеріндегі қауіпсіздік мәселелері осы сауалды жолдауға себеп болып отыр. Парламентарийлердің аталған проблеманы шешу жолдары жөнінде бірнеше рет сауал жолдағанына қарамастан, тақырып әлі күнге дейін өзекті және шұғыл назар аударуды талап етеді, дейді ол.
«Отандық білім беру мекемелерінің қоғамдық қауіпсіздігі халықты қатты алаңдатып отыр. Себебі бұл – балалардың, студенттер мен педагогикалық қызметкерлердің өмірі мен денсаулығына тікелей қатысты мәселе. Білім беру мекемелеріндегі, әсіресе, балабақшалар мен мектептердегі күзет жағдайы баса бақылауды талап етеді. Көп жағдайда мұндай функциялар формальды сипатта ғана, ал іс жүзінде оны көбінесе зейнет жасындағы адамдар атқарып жүр. Мұндай жағдай көбіне жалақының төмендігінен туындап отыр. Соның салдарынан бұл жұмысқа білікті мамандарды тарту қиын.
Бұдан басқа, бүгінгі таңда, білім беру мекемелерінің ғимараттарына кіру режимін қамтамасыз етудің бірыңғай тәсілі жоқ. Бұл, өз кезегінде, қауіпсіздікке нақты қатер төндіреді. Сондай-ақ, білім беру мекемелерінің көбінде ғимаратқа тыйым салынған заттардың өтіп кетпеуін анықтайтын техникалық тексеру құралдары, соның ішінде металл детекторлар жоқ екенін атап өткім келеді.
Соның бір мысалы ретінде жақында Алматы қаласындағы университеттердің бірінде болған сұмдық жағдайды айтсақ болады. Студент оқу орнына пышақ алып кіріп, оқытушыны жарақаттаған», – дейді Самат Нұртаза.
Ол өз сөзінде биыл жыл ішінде білім беру мекемелеріне жасалғалы жатқан «шабуылдар», қастандықтар туралы жалған ақпараттар мен қауесеттердің бірнеше рет тарағаны да алаңдататынын, мұндай хабарламалар әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында белсенді түрде жарияланып, ата-аналар, студенттер мен ұстаздар арасында жаппай үрей туғызатынын тілге тиек етті.
«Осындай жағдайлардың болуы, қайғылы оқиғалардың алдын алу мақсатында білім беру мекемелеріндегі қауіпсіздікті формальды емес, нақты күшейтуге бағытталған кешенді әрі пәрменді шараларды қабылдау қажет екенін көрсетеді», – дейді мәжілісмен
Осы айтылғандардың негізінде депутат вице-премьерге мынандай мәселелерді қарастыруды сұрады:
- Меншік нысанына қарамастан, барлық білім беру ұйымы орындауға тиісті, білім беру мекемелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің бірыңғай стандарты әзірленіп, енгізілсін.
- Балабақшалар мен мектептердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін осы қызметті жүзеге асыруға арналған лицензиясы бар ұйымдармен ғана шарттар жасасу көзделсін.
- Еліміздің білім беру мекемелерінде, соның ішінде балабақшаларда толықтай техникалық тексеру құралдарын міндетті түрде енгізу туралы талап белгіленсін.
- Білім беру мекемелері орналасқан аудандарды патрульдеу күшейтілсін.
«Депутаттық сауалға жауапты заңнамада белгіленген мерзімдерде жазбаша түрде беруіңізді сұраймын», – деп халық қалаулысы сөзін аяқтады.