$ 503.44  593.35  6.55
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Өскемен тұрғындары қауіпті ауамен тыныстап отыр – депутат дабыл қақты

Өскемендегі экологиялық ахуал бойынша көңіл көншітпей отыр

Өскемен тұрғындары қауіпті ауамен тыныстап отыр – депутат дабыл қақты
Фото: freepik.com

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Марат Бәшімов Өскемен қаласында экологиялық ахуалдың тұрақты түрде нашарлап, іс жүзінде дағдарыстық деңгейге жеткенінін айтып, депутаттық сауал жолдады, деп жазады Azattyq Rýhy.

«Бұл бір реттік нормадан асу немесе маусымдық құбылыс емес, азаматтардың денсаулығы мен өміріне тікелей қауіп төндіретін атмосфералық ауаның жүйелі түрде ластануы туралы сөз болып отыр. Осы жылдың қаңтар айының соңында «Қазгидромет» РМК Шығыс Қазақстан филиалының ресми деректеріне сәйкес, Өскемен қаласында күкіртсутегі мен күкірт диоксидінің шекті рұқсат етілген концентрациясы 3,6 есеге артқаны тіркелді. Бұл асып кетудің салдары айқын және қосымша дәлелдеуді қажет етпейді: мектеп оқушылары шұғыл түрде қашықтан оқыту форматына көшірілді, ата-аналар балаларын көшеге шығаруға қорқады, тыныс алу органдары ауруларының саны артып, созылмалы аурулары бар адамдардың жағдайы нашарлап жатыр», - дейді Бәшімов.

Депутат атағандай, өнеркәсіптік қала тұрғындарының күн сайын қауіпті ауамен тыныс алуға мәжбүр болып, сонымен қатар мемлекет тарапынан тиісті өтемақы мен жүйелі қолдау алмай отырған жағдайлар бар.

«Бұл азаматтардың орынды наразылығын тудырып, жүргізіліп жатқан экологиялық және әлеуметтік саясатқа деген сенімді әлсіретіп отыр. Дамыған және индустриясы өркендеген елдерде мұндай жағдайлар мүлде басқаша шешіледі. Мысалы, Еуропалық одақ елдерінде ластану деңгейі рұқсат етілген нормадан асқан жағдайда экологиялық дабыл режимі автоматты түрде енгізіледі, өнеркәсіптік кәсіпорындардың жұмысы уақытша шектеледі, ал халыққа қосымша әлеуметтік және медициналық кепілдіктер беріледі. Германия мен Польшада экологиялық қолайсыз өнеркәсіптік аймақтарда тұратын тұрғындарға өтемақы төлемдері мен салықтық жеңілдіктер қарастырылған, ал балаларға тегін медициналық сүйемелдеу мен оңалту қызметтері көрсетіледі», - дейді ол.

Депутаттың айтуынша, Қытайда, ауқымды индустрияландыруға қарамастан, ластану деңгейі жоғары қалаларда мемлекеттік субсидиялау, қоныс аудару бағдарламалары, сондай-ақ өнеркәсіптік кәсіпорындарды қатаң бақылау және жаңғырту шаралары жүзеге асырылады — тіпті уақытша жабуға дейін.

Осы жағдаймен салыстырғанда, шекті рұқсат етілген концентрациялар тұрақты түрде асып отырған кезде мемлекеттік органдардың жауапкершілікті іс жүзінде халықтың өзіне жүктеп, нақты шаралардың орнына «көшеге сирек шығу» сияқты ұсынымдармен шектелуі үлкен сұрақтар тудырады.

Депутат мұндай жағдайды мен жол беруге болмайды деп санайды.

Осыған байланысты Марат Бәшімов төмендегі мәселелер бойынша нақты жауап беруді сұрады:

  • Өскемен қаласында ластаушы заттардың шығарындыларын нақты, формалды емес түрде азайту үшін Үкімет тарапынан қандай шұғыл шаралар қабылданады, оның ішінде нақты кәсіпорындардың жауапкершілігі қалай белгіленеді?
  • Экологиялық қауіп аймақтарында тұратын азаматтар үшін әлеуметтік төлемдер мен жалақыны есептеу кезінде экологиялық коэффициенттер енгізу мәселесі қарастырыла ма?
  • Экологиялық дағдарыс жағдайында халықты қорғау жөніндегі дамыған елдердің тәжірибесі неге әлі күнге дейін елімізде бейімделіп, қолданылмай отыр?

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өнеркәсіптік алыптардың шығарындыларын қатаң бақылау қажеттігін бірнеше рет атап өтіп, бизнестен тазарту құрылыстарын жаңғыртуды, ал әкімдіктерден тұманды азайту бойынша нақты шаралар қабылдауды талап еткен болатын.Адамдар әрекетсіздік пен шешім қабылдауды созудың салдары үшін өз денсаулығымен және балаларының денсаулығымен ақы төлеуге тиіс емес. Азаматтардың қолайлы қоршаған ортаға құқығы Қазақстан Республикасының Конституциясымен кепілдендірілген және ол қағаз жүзінде емес, іс жүзінде қамтамасыз етілуі тиіс», - деп түйіндеді ол.