Қарағандыда 8 жасар қыз бала 5-қабатта терезенің сыртқы жақтауына шығып алған (ВИДЕО)
Қарағанды қаласында ТЖМ қызметкерлері жазатайым оқиғаның алдын алды
Қарағанды қаласында Мұқанов көшесінде орналасқан көпқабатты тұрғын үйдің бесінші қабатында көршілердің бірі ашық терезенің алдында отырған баланы байқап, дереу 112 нөміріне хабарлаған, деп жазады Azattyq Rýhy.
Оқиға орнына жедел жеткен құтқарушылар баланың өміріне қауіп төнгенін көріп, бірден әрекетке көшті. ТЖМ қызметкерлері екі топқа бөлінді: бір топ терезе жаққа автосатыны орнатса, екінші топ подъезд арқылы пәтерге кірді. Осы сәтте үрейленген анасы келіп, пәтердің есігін кілтпен ашты.
Құтқарушы пәтерге кіріп, 2018 жылы туған қыз баланы терезе алдының жақтауынан алып, оны анасына аман-есен тапсырды. Бала зардап шеккен жоқ.
«Құтқарушылардың жедел әрі үйлесімді әрекеттерінің арқасында жазатайым оқиғаның алдын алуға мүмкіндік туды.
ТЖМ ата-аналарды балаларды қараусыз қалдырмауға және оларға қауіпсіздік ережелерін үнемі түсіндіріп отыруға шақырады», – делінген ТЖМ хабарламасында.