$ 498.65  589.06  6.49
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Ливияда Каддафидің ұлын өлтіріп кеткен

Ол 53 жаста болған

Ливияда Каддафидің ұлын өлтіріп кеткен
Фото: Reuters

Сейф әл-Ислам Каддафи өз үйінде белгісіз адамдардың қолынан оққа ұшты. Ливияның бұрынғы диктаторы Муаммар Каддафидің ұлы 2011 жылға дейін елдегі ең ықпалды тұлғалардың бірі болған, ал 2021 жылы президент сайлауына қатысуға талпынған, деп жазады Azattyq Rýhy.

Саясаткердің жақындарының айтуынша, Сейф әл-Ислам Каддафи Триполиден оңтүстік-батысқа қарай 160 шақырым жерде орналасқан эз-Зинтан қаласындағы өз үйінде төрт қарулы белгісіз адамның басып кіруі кезінде атылған.

Каддафидің кеңесшісі Ливия теледидарына берген сұхбатында шабуылдаушылар бейнебақылау камераларын өшіріп, Сейф әл-Исламды өлтіргенін айтты. Бұл ақпаратты AFP агенттігі мен бұрынғы ливиялық көшбасшының ұлының адвокаты Марсель Чеккальди де растады.

Адвокаттың айтуынша, әзірге қастандықтың артында кім тұрғаны және шабуылдың себептері белгісіз. Алайда оның сөзінше, шамамен 10 күн бұрын Каддафи ұлының жақын серіктестерінің бірі қауіпсіздікке қатысты «мәселелер барын» ескерткен.

Ливияның жергілікті БАҚ-тарының хабарлауынша, Каддафи өлімші жарақат алған шабуыл оның үйінің маңындағы бақта болған.

Муаммар Каддафидің екінші ұлы Сейф әл-Ислам әкесінің билігі кезінде ресми лауазым атқармаса да, Ливиядағы ең ықпалды тұлғалардың бірі саналды.

Ол елдің сыртқы саясатын қалыптастыруда маңызды рөл атқарып, күрделі дипломатиялық миссияларда делдал болған. Атап айтқанда, 2003 жылы Ливияның жаппай қырып-жою қаруынан бас тартуы жөніндегі келіссөздерде ливиялық делегацияны басқарған. Сондай-ақ 1988 жылы Шотландияның Локерби қаласы үстінде Pan Am әуе компаниясының ұшағы жарылған оқиғада қаза тапқандардың отбасыларына өтемақы төленуіне қол жеткізген. Тергеу нәтижелері бұл жарылысқа Ливия басшылығының қатысы болғанын көрсеткен.

Сейф әл-Ислам Ұлыбританияда, Лондон экономика мектебінде білім алған, ағылшын тілін еркін меңгерген. Reuters агенттігінің жазуынша, 2000 жылдан бастап ол Ливияны «оқшау ел» мәртебесінен шығаруға күш салып, елде реформалар мен демократияландыру үмітін оятқан тұлға ретінде танылған.

Алайда 2011 жылы ол үкіметке қарсы наразылықтарды қатаң түрде басып-жаншуда негізгі рөл атқарды. Кейін Халықаралық қылмыстық сот оған адамзатқа қарсы қылмыстар жасады деген айыппен қамауға алу ордерін шығарған. Бұл қылмыстар 2011 жылғы оқиғалармен байланыстырылады.