Ертең бірқатар өңірде тұман, боран және қатты жел күтіледі
Синоптиктер елдің басым бөлігінде қолайсыз ауа райына байланысты ескерту жасады
Қазгидромет синоптиктері 4 ақпанда Қазақстанның басым аумағында ауа райы күрт құбылып, жол қозғалысы мен тұрмысқа қауіп төндіретін жағдайлар болуы мүмкін екенін ескертті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мамандардың болжамына сәйкес, Түркістан облысының батысы, солтүстігі, оңтүстігі және таулы аудандарында тұман түсіп, оңтүстік-шығыстан соққан желдің екпіні тау асуларында түнде, ал күндіз кейбір аудандарда секундына 15–20 метрге дейін жетеді.
Қарағанды облысында батыс, солтүстік және шығыс бөліктерінде тұман күтіледі. Қарағанды қаласының өзінде түнгі және таңғы уақытта көріну қашықтығы төмендейді.
Ұлытау облысының солтүстігі, орталығы мен оңтүстігінде де тұман басым. Желдің күшеюі әсіресе облыстың солтүстігі мен шығысында байқалады. Жезқазған қаласында да тұман болады.
Павлодар облысының солтүстік және шығыс аймақтарында тұман түседі.
Солтүстік Қазақстан облысында қар жауып, бұрқасын соғады. Түнде және таңертең тұман күтіледі, ал желдің екпіні күндіз кей жерлерде 15–20 м/с-қа дейін күшейеді. Петропавл қаласында да қатты жел мен көктайғақ қаупі бар. Сонымен қатар, 5 ақпанда өңірде жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын, бұрқасын және көктайғақ болжанып отыр.
Ақтөбе облысында түнде қатты қар, күндіз жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын жауады. Көктайғақ пен тұман әсіресе орталық, оңтүстік және шығыс бөліктерде күтіледі.
Атырау облысының солтүстігі мен шығысында аздаған қар мен жаяу бұрқасын болады. Облыстың бірнеше ауданында тұман мен көктайғақ сақталып, жел екпіні 15–20 м/с-қа жетуі мүмкін.
Абай облысында қар жауып, бұрқасын соғады. Солтүстік, оңтүстік және шығыс аудандарда тұман түсіп, желдің күшеюі ықтимал.
Шығыс Қазақстан облысында да қар мен бұрқасын күтіледі, ал кей аймақтарда жел екпіні секундына 20 метрге дейін жетеді.
Синоптиктер тұрғындарды алыс жолға шыққанда сақ болуға, ал жүргізушілерді жолдағы көктайғақ пен көрінудің төмендеуін ескеруге шақырады.