Негізгі заң елдің қауіпсіздігі мен болашағын қамтамасыз етуі тиіс - Айдос Сарым
Дәл қазір елдің болашағы қалыптасып жатыр
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Айдос Сарым Конституциялық комиссияның отырысында сөз сөйлеп, жаңа Конституция жобасымен жұмыс істеудің негізгі қағидаттарын атап өтті,деп жазады Azattyq Rýhy
Оның айтуынша, кез келген ұжым, тіпті уақытша болса да, біріктіретін ортақ бағдарларға мұқтаж. Осыған байланысты ол үш негізгі аспектіні бөліп көрсетті: миссияны терең түсіну, команда бола білу және құндылықтарды қорғай алу.
Сарым қазіргі кезеңнің тарихи жауапкершілік тұрғысынан айрықша екенін атап өтті. Оның сөзінше, мұндай үдерістің бел ортасында болу әрбір буынға бұйыра бермейді. Дәл қазір елдің болашағы қалыптасып жатыр.
«Біз осы күндері тарихты өз қолымызбен жазып отырмыз. Әрбір ұрпаққа мұндай сирек әрі бірегей мүмкіндік бұйыра бермейді. Әрбір саясаткерге немесе заңгерге тек куәгер ғана емес, осы өзгерістердің авторы болу бақыты беріле бермейді. Бұл – орасан зор миссия», – деді ол.
Конституция жобасын қоғамдық талқылау туралы сөз қозғаған депутат елде әртүрлі, тіпті бір-біріне кереғар көзқарастар бар екенін айтты.
Оның пікірінше, Қазақстанда жария пікірталас мәдениеті әлі толық қалыптаспаған, ол енді ғана орнығып келеді. Ол өткір әрі кейде қисынсыз пікірлерді мәселе ретінде қабылдамау керектігін атап өтті. Керісінше, негізгі заңның қызу талқылануы қоғамның белсенділігін көрсетеді.
Сарымның айтуынша, дәл осы пікірталастар арқылы алдағы ондаған жылдарға елдің дамуын айқындайтын құжат қалыптасады. Сондай-ақ ол қазіргі заманның ішкі және сыртқы қатерлерін еске салып, Конституция мемлекет пен қоғамды сол қауіптерден қорғауы тиіс екенін жеткізді.
«Бірнеше күннен бері біз Конституция жобасын талқылап келеміз және сан алуан, кейде тіпті қарама-қарсы пікірлерді көріп отырмыз. Өкінішке қарай, бізде жария пікірталас мәдениеті әлі орнықпаған, оны енді ғана қалыптастырып келеміз. Өткір, кейде тіпті абсурд пікірлерге бола ренжу керек пе? Меніңше, жоқ. Қоғам күнде негізгі заң жобасын осылай мұқият оқып, талқылай бермейді. Тіпті сын мен теріс бағалаулардың өзі біздің еңбегіміздің зая кетпегенін көрсетеді», – деді депутат.
Айдос Сарым Конституцияны дайындау жұмысы жабық әрі тым жедел өтті деген сынға да тоқталды. Ол мұндай пікірлердің шындыққа жанаспайтынын айтты. Оның сөзінше, құжатты әзірлеу үдерісі шамамен жарты жылға созылған және өткен жылдың қыркүйегінен басталған.
Бұл жұмысқа сот жүйесінің, парламенттің, үкіметтің, президент әкімшілігінің, мәслихаттар мен қоғамдық кеңестердің өкілдері қатысқан. Жалпы саны мыңнан астам адам тартылған. Сонымен қатар e-Өтініш пен eGov платформалары арқылы азаматтардан түскен ұсыныстардың да маңызы зор болған.
«Соңғы күндері талқылаулар тым тез өтті, шектеулі ортада жүргізілді деген күмәнді пікірлер айтылды. Бірақ бұл шындыққа сәйкес келмейді. Конституциямен жұмыс тек осы залда отырған адамдармен шектелген жоқ. Ол шамамен жарты жыл бұрын – қыркүйекте басталды. Алдымен парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобы еңбек етті, кейін Конституциялық комиссия құрылды», – деді ол.
Сөзінің соңында депутат ел алдында үлкен әрі жауапты жұмыс тұрғанын атап өтті. Ол қоғамның заңды қолдауы мен сын айтушылармен ашық диалог жүргізудің маңызын айтты. Оның пікірінше, күмән мен сенімсіздік – табиғи құбылыс, бірақ оларды еңсеруге болады.
Сарым қазіргі пікірталастар жаңа саяси дәстүрдің негізін қалайды деген сенім білдірді. Конституция елдің қауіпсіздігі мен болашағын қамтамасыз етуі тиіс екенін айта келе, бұл үдерісте қорғауға тұрарлық құндылықтардың маңызы зор екенін атап өтті.
«Біз болашағымыз бен қауіпсіздігімізді қамтамасыз ететін Конституция қабылдап жатырмыз. Жетілген қоғам – өзіне күрделі сұрақтар қойып, соларға жауап таба алатын қоғам. Мен қазіргі пікірталастар жаңа саяси дәстүрдің негізін қалайды деп сенемін. Біз тарихтың бір бетін жауып, жаңасын ашып жатырмыз. Ол жаңа бетте еңбек етуге, талқылауға және қатысуға дайын әрбір адамға орын бар», – деді ол.