«Біз қос биліктің қайталанғанын қалаймыз ба?»: депутат Конституцияның негізгі қағидаларын түсіндірді
130 комиссия мүшесінің 21-і – мәжіліс депутаты
Жаңа Конституция жобасы әділеттілік, тәртіп пен тұрақтылыққа деген қоғам сұранысынан туындап отыр. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің депутаты, «АМАNАТ» партиясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев Конституциялық комиссияның кезекті отырысында мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«АМАNАТ» партиясы президенттің қоғамдық тірегі ретінде конституциялық реформаны іске асыруға белсенді атсалысып келеді. Жаңа Конституция жобасы жарияланған күні-ақ біздің фракция арнайы отырыс өткізді. Жиында әділет министрі мен Конституциялық реформа комиссия мүшелерінің түсіндірмесін тыңдап, маңызды құжатты жан-жақты талқыладық.
Айта кету керек, 130 комиссия мүшесінің 21-і – мәжіліс депутаты. Біз жаңа Конституция жобасын жан-жақты саралап, әр нормасын жеке-жеке зерделеп, оның ел болашағы үшін маңызы мен мәнін жете таразылап, саналы түрде қолдадық. Өйткені бұл реформа қоғамның әділеттілікке, тәртіпке және тұрақтылыққа деген сұранысынан туындап отыр.
Басты мәселе – өткен кемшіліктерге жол бермеу. Біз қос биліктің қайталанғанын қалаймыз ба? Әрине, жоқ. Сондықтан 2-баптың 1-тармағында жаңа Конституцияның басты қағидасы былайша нақты жазылған: Қазақстан президенттік республика болып қала береді және мемлекет басшысы биліктің барлық тармақтарының үйлесімді жұмысын қамтамасыз етеді. Ел президенті мемлекет пен елдің болашағы үшін, қабылданған шешімдер үшін басты жауапкершілік алады. Бұл – артықшылық емес, бұл – ең жоғары жауапкершілік», – дейді депутат.
Ол өз сөзінде жобада 43-баптың 1-тармағында президент жеті жылдық мерзімге бір рет сайланатыны көрсетілген. Бұл – биліктің монополиялануына жол бермейтін айқын норма.
«Ал 43-баптың 5-тармағында: «осы баптың 1-тармағының ережелері өзгермейді» деп нақты көрсетілген. Осылайша, «мәңгілік билік» туралы әңгімеге нүкте қойылады.
Сондай-ақ, дәл осындай бір мерзімдік шектеу Конституциялық сот судьяларына, жоғарғы сот төрағасына және бас прокурорға да белгіленген. Бұл – халық алдындағы жауапкершілік пен әділеттілік принциптерінің мызғымастығын білдіреді», – дейді Елнұр Бейсенбаев.
Халық қалаулысы сөзін жалғай отырып, тағы бір маңызды норма – 45-баптың 3-тармағында көрсетілгенін, яғни президенттің жақын туыстары саяси немесе басқару лауазымдарын атқара алмайтынын тілге тиек етті.
«Дамыған елдерде де президенттің туыстары кейде жоғары лауазымдарға келгенін көреміз. Мұндай мысалдар әлемде де, посткеңестік елдерде де кездеседі. Біз өткенді жоққа шығармаймыз, бірақ одан сабақ аламыз. Қазақстан мемлекеттік қызметті отбасы мүддесіне айналдыруға жол бермейтін нақты ережелер енгізіп жатыр. Бұл шешімді біз 2022 жылғы референдумда қабылдадық және жаңа Конституция жобасында оны тағы да бекітеміз», – дейді мәжілісмен.