Мәжілісте мүгедектігі бар адамдардың ұйымдарына қатысты салық мәселелері талқыланды
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Салық кодексі күшіне енді
Ерлан Әбдиевтің жетекшілігімен Мәжіліс депутаттары «Инклюзивті Парламент» депутаттық тобының отырысын өткізді. Күн тәртібінде мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық бірлестіктеріне қатысты салықты реттеу мәселесі қаралды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Отырысқа депутаттармен қатар Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Қаржы министрліктерінің, сондай-ақ Еңбек ресурстарын дамыту орталығының өкілдері қатысты.
Депутаттық топтың жетекшісі Ерлан Әбдиев Салық кодексінің жаңа редакциясында көзделген өзгерістердің әлеуметтік маңыздылығына тоқталды.
«2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Салық кодексі күшіне енді, соған байланысты өзгерістер де бар. Бұған дейін салық жеңілдіктерін алу үшін ұйымдар мүгедектігі бар екі адамды ғана жұмысқа орналастырса жеткілікті еді, жаңа Кодексте ол 10 адамға дейін ұлғайды. Қазіргі таңда елімізде 740 мың мүгедек адам бар, олардың 410 мыңы – еңбекке қабілетті жаста. Ал бүгінде соның небәрі 100 мыңы ғана жұмыспен қамтылған», – деді Ерлан Әбдиев.
Депутаттың айтуынша, Салық кодексіндегі бұл өзгерістер жұмыс берушілерді мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа белсендірек қабылдауға ынталандырып, жұмыспен қамту мәселесін шешуге ықпал етуге тиіс.
Жиын барысында 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап мүгедек адамдар істейтін ұйымдар үшін салық жүктемесінің айтарлықтай ұлғаймайтыны да атап өтілді. Негізгі салық жеңілдіктері сақталған, ал корпоративтік табыс салығы бойынша Салық кодексінің 331-бабында қарастырылған талаптар орындалған жағдайда оны 100%-ға дейін азайту тетігі енгізілген.
Осы баптың жаңа редакциясында салық жеңілдіктерін қолдану шарттары нақтыланған. Атап айтқанда, корпоративтік табыс салығын 100 пайызға азайту үшін мүгедектігі бар 10 адамды жұмысқа орналастыру жеткілікті. Сонымен қатар, осы қызметкерлердің бір мезгілде тиісті жеңілдіктерді пайдаланатын бірнеше ұйыммен еңбек қатынастарында болмауы туралы талап енгізілді. Бұл мемлекеттік қолдауды нысаналы әрі тиімді етуге бағытталған.
Отырыс қорытындысы бойынша депутаттар Үкіметке соңғы 10 жылда салық жеңілдіктерін алып келген ірі ұйымдар туралы талдау жүргізу жөнінде хаттамалық тапсырма рәсімдеуді ұсынды. Сол арқылы нақты жұмыспен қамтылған мүгедектігі бар адамдардың саны мен мемлекеттік қолдаудың тиімділігі бағаланатын болады. Талдау нәтижелері бойынша Салық кодексіне қосымша өзгерістер енгізу мүмкіндігін қарастыру жоспарланып отыр.