Адам ұрлап, 12 млн теңге талап еткен: Астана мен Алматыда қылмыс әлемінің бандалары ұсталды
Қазір жедел-тергеу іс-шаралары жалғасып жатыр
Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті Астана мен Алматы қалаларында ауыр және аса ауыр қылмыстар жасаған қылмыстық қауымдастық мүшелерін ұстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Күдіктілерге адам ұрлау, бопсалау және бөтеннің мүлкін қасақана жою фактілері бойынша айып тағылып отыр. Алматы қаласындағы эпизодтардың бірінде қаскөйлер жергілікті тұрғынды ұрлап, күш қолданып, одан 12 млн теңге талап еткен.
Бизнес өкілдеріне қысым көрсету, сондай-ақ оларды қорқыту мақсатында автокөліктерді өртеу фактілері тіркелді. 20-дан астам тінту жүргізіліп, ірі көлемде ақша, суық қару және өзге де заттай дәлелдемелер тәркіленді. Алты күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Жедел-тергеу іс-шаралары жалғасып жатыр.