Ауа райына байланысты бірқатар облыста республикалық жолдар жабылды
Қарлы боран мен көктайғаққа байланысты қозғалысқа шектеу енгізілді
Бірнеше облыста ауа райының күрт нашарлауына байланысты республикалық маңызы бар автожолдарда көлік қозғалысына уақытша шектеу қойылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«ҚазАвтоЖол» ҰК 2 ақпанда қар, боран және көктайғақ салдарынан барлық көлік түрлерінің қозғалысы тоқтатылған жол учаскелерін жариялады. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында шектеу Қарағанды, Жамбыл және Қызылорда облыстарындағы маңызды бағыттарды қамтыды.
Қарағанды облысында 2 ақпан күні сағат 20:30-дан бастап «Астана – Қарағанды – Алматы» автожолының Балқаш қаласы мен Жамбыл облысының шекарасы аралығындағы 592–750 шақырымдық бөлігі жабылды.
Дәл осы уақыттан бастап Жамбыл облысында да аталған бағыттың Қарағанды облысының шекарасынан Бурылбайтал ауылына дейінгі 2005–2152 шақырым аралығында қозғалысқа тыйым салынды.
Ал Қызылорда облысында шектеу 2 ақпан сағат 22:00-де күшіне енді. Мұнда Ресей Федерациясы шекарасынан басталып, Қытай Халық Республикасының шекарасына дейін созылатын халықаралық маңызы бар автожолдың Әйтеке би кенті мен Қызылорда қаласы арасындағы 1474–1806 шақырымдық бөлігі уақытша жабылды.
Алдын ала мәліметке сәйкес, барлық көрсетілген жол учаскелерінде көлік қозғалысын 3 ақпан күні таңғы сағат 08:00-де қайта ашу жоспарланып отыр.
Жол қызметтері жүргізушілерге алыс сапарларды кейінге қалдырып, жол жағдайын мұқият қадағалауға және қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға кеңес береді.