Қызылордада тыйым салынған затты жарнамалаған 1500 сайт анықталып, 2 тоннаға жуық есірткі тәркіленді
Синтетикалық есірткіні жарнамалаған мыңдаған ресурс пен 1100 банк есепшоты бұғатталды
Қызылорда облысында өткен жылы есірткінің заңсыз айналымына қарсы жүргізілген кешенді іс-шаралар нәтижесінде ауқымды заңбұзушылықтар әшкереленді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, бір жыл ішінде есірткіге қатысты 304 құқықбұзушылық анықталған. Заңсыз айналымнан жалпы салмағы 1 тонна 883 килограммды құрайтын түрлі есірткі заты тәркіленді. Оның ішінде 220 килограмм марихуана, 687 грамм гашиш, 1 тонна 650 килограмм сора өсімдігі, 9 килограмм көкнәр және 2 килограмм 666 грамм синтетикалық есірткі бар.
Сонымен қатар үй жағдайында сора өсімдігін заңсыз өсірген бес фитозертхана анықталып, олардың қызметі тоқтатылды. Тергеу барысында аса ірі мөлшерде мефедрон мен a-PVP синтетикалық есірткісін тасымалдауға қатысы бар деген күдікпен Қызылорда және Маңғыстау облыстарының тұрғындары ұсталды.
Есірткіні заңсыз жарнамалау арнасы да қатаң бақылауға алынды. «Антифрод» жүйесі арқылы екінші деңгейлі банктердегі 1100 есепшот бұғатталды. Ал синтетикалық есірткіні насихаттаған 1500 интернет-сайт «Киберқадағалау» ақпараттық жүйесіне енгізіліп, толықтай қолжетімсіз етілді.