Атырау облысында келін 82 жастағы енесін өз үйінде пышақтап өлтірді: іс сотқа жолданды
Төсекке таңылған қарт әйел алған жарақатынан ауруханада көз жұмды
Атырау облысының Қызылқоға ауданында келін енесін пышақтап өлтірген. Аталған іс сотқа жолданды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алдын ала тергеу деректеріне жүгінсек, қайғылы жағдай 2025 жылдың мамыр айында болған. Бүгінде қылмыстық іс сотқа жолданған. Тергеу мәліметінше, кейуана марқұм ұзақ уақыт бойы ауыр хәлде төсекке таңылып, өздігінен қозғала алмай, өзгенің күтім жасауына мұқтаж болған.
Қанды қылмыс болған күні үйде марқұм мен оның 38 жастағы келіні ғана болған. Келін асүй пышағын қарт әйелге 4 рет сұққан. Ауыр жарақат алған жәбірленуші аудандық ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.
Оқиға орнына жедел жеткен құқық қорғау органдары күдіктіні ұстап, ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстың нақты себебі әзірге беймәлім.
Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодексітің 99-бабы,«Адам өлтіру» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу аясында тағайындалған сот-медициналық және психологиялық-психиатриялық сараптамалар күдіктінің созылмалы психикалық аурумен, атап айтқанда параноидты шизофрениямен ауыратынын анықтаған.
Қазіргі уақытта іс Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотында қаралып жатыр.