Павлодарда салынып жатқан көпір өртенді
ТЖМ бөлімшелері 30 метр биіктіктегі жалынды дер кезінде ауыздықтады
Павлодар облысында салынып жатқан көпір аумағында өрт тіркелді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бүгін облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің «101» жедел басқару пультіне құрылыс жүріп жатқан көпірде өрт шыққаны туралы хабарлама түскен. Өрт құрылыс нысанының жоғары бөлігінде тұтанып, жылу оқшаулағыш материалдар мен ағаш конструкцияларын шарпыған.
Өрт ошағы жер деңгейінен шамамен 30 метр биіктікте орналасып, жағдайды айтарлықтай қиындатқан. Соған қарамастан, оқиға орнына жедел жеткен ТЖМ-нің өрт сөндіру бөлімшелері қысқа уақыт ішінде жалынды ауыздықтап, оның көпірдің барлық құрылымына таралуына жол бермеді.
Жедел әрі үйлесімді әрекеттің нәтижесінде өрт толықтай сөндірілді. Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ.
Қазіргі уақытта өрттің шығу себептері анықталып жатыр.