$ 501.02  597.27  6.59
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Ұлттық қордың табысы балаларға бөлінді: әр балаға 130,71 доллар аударылды

«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында миллиондаған қазақстандық жасөспірімнің жинағы толықты

Ұлттық қордың табысы балаларға бөлінді: әр балаға 130,71 доллар аударылды
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Қазақстанда «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы бойынша 18 жасқа толмаған әрбір баланың шотына 130,71 доллардан аударылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтің бастамасымен жүзеге асқан бұл жоба ұлттық байлықты ұрпаққа әділ бөлуді көздейді. Бағдарламаның түпкі мақсаты – жастарға өмір жолын сенімді бастауға мүмкіндік беретін бастапқы қаржылық тірек қалыптастыру.

Биыл бағдарламаға 2008–2025 жылдар аралығында туған 6 918 656 бала қамтылды. Осы санаттағы әрбір қатысушыға 2026 жылға арналған есеппен 130,71 доллардан қаражат аударылды. Ал 2026 жылы кәмелет жасқа толатын 356 613 баланың жинақ шоттарына жиынтық түрде 44,5 млн доллар бағытталмақ.

Бағдарлама іске қосылған 2024 жылдан бері инвестициялық кірісті қоса есептегенде, үш жыл ішінде әр баланың жинағы орта есеппен 370,56 долларға жетіп отыр. Бұл қаржы жас азаматтардың ең маңызды әлеуметтік қажеттіліктеріне жұмсалуда.

Мәселен, бүгінге дейін 127 446 мақұлданған өтінім бойынша 19,7 млн доллар тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталды. Ал 78 060 өтінім арқылы 11,9 млн доллар балалардың білім алуына қатысты шығындарды өтеуге пайдаланылған.

Жоба тетігі толық цифрландырылған әрі ашық форматта іске асуда. Ата-аналар баласының бағдарламаға қатысуын және жинақ сомасын kids.enpf.kz сайтынан, eGov.kz порталындағы жеке кабинетінен, сондай-ақ Halyk Bank, Kaspi.kz және BCC.kz мобильді қосымшалары арқылы тексере алады.

Маңызды жайт – бала 18 жасқа толған соң, жинақталған қаражат БЖЗҚ-дағы арнайы шотқа аударылады және оны тек алушының өзі электронды цифрлы қолтаңба арқылы көре алады. Тұрғын үй немесе оқу ақысына пайдалану үшін уәкілетті операторлар арқылы өтінім беру жеткілікті.

Айта кетейік, 2025 жылдың ортасынан бастап бағдарлама серіктестерінің қатарына «ЦентрКредит Банкі» қосылып, жастардың қаржыны пайдалану мүмкіндігі одан әрі кеңейді. «Ұлттық қор – балаларға» бастамасы осылайша болашақ ұрпақтың әлеуметтік қауіпсіздігін нығайтатын маңызды мемлекеттік құралға айналып отыр.