Пәкістанда пойыз өртеніп, 73 адам қаза тапты
Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістан президентіне көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі
Пәкістанның солтүстік-шығысында пойыз өртеніп, 73 адам қаза тапты, деп хабарлады Geo TV арнасы. Пойызда 200-ге жуық жолаушы болған. Арнаның хабарлауынша, пойыздың үш вагоны өртенген. Өрт газ баллонының жарылуынан шыққан.
«Екі плита жарылды. Ол жерде тамақ пісіріліп жатқан. Көптеген адам жанып жатқан пойыздан секіріп қаза болды», -деді Пәкістанның темір жол министрі.
Оның айтуынша, қаза тапқан жолаушылардың кім екені ДНҚ тесті арқылы анықталмақ.
Ақорданың баспасөз қызметі Қазақстан президенті Пәкістан Президенті Ариф Алвиге көңіл айту жеделхатын жолдағанын хабарлады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістанда жолаушылар пойызында болған өрт салдарынан көптеген адамның қаза тапқаны және жарақат алғаны туралы қайғылы хабарды зор күйзеліспен қабылдады.
«Қазақстан халқы мен жеке өзімнің атымнан Сізге және қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтып, орны толмас қайғыға ортақтасамын. Сондай-ақ жантүршігерлік оқиға кезінде зардап шеккен азаматтардың тезірек сауығып, отбасыларына оралуына тілектеспін», – делінген жеделхатта.