Жетісуда былтыр 736 келіден астам есірткі тәркіленіп, 127 адам сотталды
Былтыр есірткіге байланысты 186 құқық бұзушылық анықталды
Жетісу облысында былтыр есірткінің заңсыз айналымына қарсы жүргізілген жедел, профилактикалық және талдамалық іс-шаралардың нәтижелері шығарылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Есептік кезеңде 186 есірткіге байланысты құқық бұзушылық анықталды, оның ішінде 98 қылмыс және 88 құқық бұзушылық тіркелді.
Анықталған деректердің құрылымы:
- 54 дерек – есірткі заттарын сату;
- 15 дерек – аса ірі мөлшерде сақтау;
- 2 дерек – трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ құру және оған қатысу;
- 11 дерек – есірткіні заңсыз насихаттау және жарнамалау;
- 12 дерек – құрамында есірткі бар өсімдіктерді заңсыз өсіру;
- 4 дерек – вейптер, ароматизаторлар мен сұйықтықтардың заңсыз айналымы.
Заңсыз айналымнан алынған есірткі көлемі 736 келіден асты, оның ішінде:
- марихуана – 254 кг-дан астам;
- гашиш – 17 кг-дан астам;
- синтетикалық есірткілер – 15 кг-дан астам;
- қарасора тектес өсімдіктер – 448 кг-дан астам.
«17-30 жас аралығындағы 135 азамат ұсталды, олардың ішінде 12 «жасырын таратушы» бар. Сондай-ақ 17 жастағы 3 кәмелетке толмаған жасөспірім анықталды. Олардың екеуі сот үкімімен 5 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сотқа 140 қылмыстық іс жолданып, нәтижесінде 127 адам сотталды.
Денсаулық сақтау органдарының мәліметіне сәйкес, есепте 230 есірткіге тәуелді адам тұр (207 ер адам, 23 әйел). 18-29 жас аралығындағы жастар санатында 42 адам тіркелген. Бұл көрсеткіш алдын алу жұмыстарының маңыздылығын айқындайды», – делінген облыстық ПД хабарламасында.