Атырауда дәрігерге кеткен ер адамның мәйіті Жайықтан табылды
Қоқарна ауылынан келген 59 жастағы тұрғын бірнеше апта бойы іздеуде болған
Атырауда дәрігерге барамын деп үйінен шығып, хабар-ошарсыз кеткен 59 жастағы Талғат Назаровтың мәйіті Жайық өзенінен табылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ақ Жайық басылымының мәліметінше, төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері ер адамның денесін 28 қаңтар күні Жайық өзенінен шамамен екі метр тереңдікте анықтаған. Мәйіт бұған дейін марқұмның жеке заттары табылған аумақтан 100 метр қашықтықта жатқан. Денесі полиция қызметкерлеріне тапсырылды.
Талғат Назаров Атырауға Қоқарна ауылынан дәрігер кеңесін алу үшін келген. Алайда сол кеткеннен қайтып оралмаған. Бірнеше күн өткен соң Жайық өзенінің жағасынан оның ұялы телефоны мен бас киімі табылып, іздеу жұмыстары басталған.
Жоғалған адамды табуға құтқарушылар, полиция қызметкерлері, Ұлттық ұланның әскери қызметшілері мен еріктілер жұмылдырылды. Іздеу барысында өзен жағалауы мен түбі тексеріліп, сүңгуірлік жұмыстар жүргізілді. Сонымен қатар суасты дроны мен ұшқышсыз аппараттар қолданылды. Қатты ағыс, су астындағы көрінудің төмендігі және күрделі гидрологиялық жағдайлар іздеу жұмыстарына едәуір кедергі келтірген.
Қазіргі таңда ер адамның қаза болу себептері анықталып жатыр.