$ 503.9  603.32  6.61
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Астанада қызылша өршіп тұр: науқастардың басым бөлігі екпе алмаған балалар

Елордада жүздеген жағдай тіркеліп, қосымша жаппай вакцинация күшейтілді

Астанада қызылша өршіп тұр: науқастардың басым бөлігі екпе алмаған балалар
Фото: istockphoto.com

Астанада қызылша ауруының тіркелуі әлі де тоқтамай отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің дерегінше, жыл басынан бері 622 жедел хабарлама түскен. Оның 403 жағдайы зертханалық жолмен нақтыланған.

Елорда әкімдігінің мәліметі қызылшамен ауырғандардың басым бөлігі уақытылы вакцина алмаған балалар екенін көрсетіп отыр. Әсіресе 14 жасқа дейінгі балалар арасындағы сырқаттанушылық деңгейі алаңдатарлық. Бұл алдын алу шараларының әлсіздігін айқындайтын маңызды белгі.

Қаңтар айының өзінде қызылша диагнозымен 498 бала стационарлық ем қабылдаған. Қазіргі уақытта 85 науқас ауруханада емін жалғастырып жатыр. Олардың біреуі анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімшесінде бақылауда.

Эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру мақсатында Астанада қосымша иммундау мен қуып жету вакцинациясы қарқынды жүргізілуде. Сонымен қатар 6 айдан 10 ай 29 күнге дейінгі балаларды қамтитын жаппай қосымша вакцинация ұйымдастырылып жатыр. Соған қарамастан, негізгі аурушаңдық екпе алмаған балалар арасында тіркеліп отыр.

Қызылшаға қарсы вакцина салынбаған балаларға, яғни екпе жасына жетпеген, медициналық қарсы көрсетілімі бар немесе ата-анасының бас тартуына байланысты вакцина алмағандарға науқаспен байланыста болған сәттен бастап 5 күн ішінде адам иммуноглобулині егіледі. Ол бұлшықетке 0,5 мл/кг мөлшерінде, ең көбі 15 мл көлемінде салынады.

Мамандардың айтуынша, эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандырып, қызылшаның ауыр асқынуларының алдын алудың ең тиімді жолы уақытылы және толық вакцинация.