Медициналық қалдықтар: экология мен халық денсаулығына төнген қауіп күн тәртібінде
AMANAT» партиясы жанындағы Экологиялық кеңесте медициналық қалдықтарды басқарудағы жүйелі мәселелер талқыланды
Қазақстанда халық денсаулығы мен экологиялық қауіпсіздікке тікелей әсер ететін медициналық қалдықтарды басқару мәселесі ушығып тұр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл түйткіл Астанада өткен «AMANAT» партиясы жанындағы Экологиялық кеңестің отырысында кеңінен талқыланды. Жиында медициналық қызмет көлемінің жыл сайын артуы, санитариялық-эпидемиологиялық және экологиялық талаптардың қатаңдауы жағдайында медициналық қалдықтарды дұрыс жоюдың маңызы ерекше екені айтылды. Қалдықтарды талапқа сай залалсыздандырмау – халық денсаулығына, қоршаған ортаға және елді мекендердің тұрақты дамуына тікелей қауіп төндіретіні атап өтілді. Осыған байланысты бұл салада жекелеген шаралар емес, кешенді мемлекеттік тәсіл қажет екені баса көрсетілді.
Қатысушылар Қазақстанда нормативтік база бар болғанымен, оны іс жүзінде қолдануда елеулі олқылықтар сақталып отырғанын жеткізді. Лицензия алған ұйымдарды кейінгі бақылаудың әлсіздігі, қауіпті қалдықтар ағынын толық есепке алмау, мониторингтің жүйесіздігі және залалсыздандыру барысында экологиялық қауіпсіздік талаптарының жиі бұзылуы – басты мәселелердің қатарында. Әсіресе «Б» және «В» сыныпты медициналық қалдықтар көлемінің көбеюі, оларды рұқсатсыз төгу мен жағу деректері, сондай-ақ газтазалау жүйелері жоқ пештердің қолданылуы диоксиндік ластану қаупін арттырып отыр.
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілдері медициналық қалдықтарды қадағалау, залалсыздандыру және кәдеге жарату инфрақұрылымын дамыту бағытында жүйелі проблемалар әлі шешімін таппағанын атап өтті. Ал Денсаулық сақтау саласының мамандары медициналық қалдықтарды есепке алу мен бақылаудағы кемшіліктер азаматтардың денсаулығына нақты қауіп төндіретінін жеткізді. Лицензия берілгеннен кейінгі қадағалаудың әлсіздігі, санитариялық және экологиялық заңнамадағы талаптардың өзара үйлеспеуі, толық емес есеп пен мониторинг, сондай-ақ мемлекеттік сатып алуларда бағаны демпингтеу салдарынан қызметтердің формалды түрде ғана көрсетілуі жағдайды ушықтырып отыр.
Сарапшылардың пікірінше, экологиялық талаптарға сай келмейтін утилизациялық қондырғыларды пайдалану тек қоршаған ортаға зиян келтіріп қоймай, мемлекеттік бақылау жүйесіне деген сенімді де әлсіретеді. Осыған байланысты Экологиялық кеңес медициналық қалдықтарды басқару жүйесін түбегейлі жаңарту қажет деген ортақ ұстанымға келді.
Отырыс қорытындысында нормативтік базаны жетілдіру, құқықтық қолдану тәжірибесін күшейту, қауіпсіз залалсыздандыру инфрақұрылымын дамыту, нарық қатысушыларының жауапкершілігін арттыру, мамандарды жүйелі оқыту және медициналық қалдықтарды есепке алудың бірыңғай цифрлық платформасын енгізу қажеттігі атап өтілді. Бұл қадамдар медициналық қалдықтармен жұмыс істеудің барлық кезеңінде талаптардың қағаз жүзінде емес, нақты орындалуын қамтамасыз ететін тұтас жүйе қалыптастыруға бағытталмақ.