Интернет жылдамдығына шағым көп: төлем мәселесі қалай шешіледі?
Компания интернет жылдамдығына қатысты жаппай шағымдарға жауап қатты
2026 жылдың алғашқы күндерінде «Қазақтелеком» қызметін пайдаланатын қазақстандықтар интернет жылдамдығының төмендеуіне байланысты жаппай шағымданды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әлеуметтік желілерде абоненттер байланыс сапасының нашарлағанын айтып, төлемді қайта есептеу мәселесін көтерді. Компания жағдайға қатысты ресми мәлімдеме жасап, желілік және абоненттік жабдықтарға кешенді тексеріс жүргізілгенін хабарлады. Алайда «Қазақтелеком» өз тарапынан ешқандай техникалық ақау анықталмағанын алға тартты.
Компания өкілдерінің айтуынша, интернет жылдамдығының уақытша төмендеуіне сыртқы интернет-ресурстар мен халықаралық байланыс операторларының жұмысы әсер еткен.
«Бұл бағыттар біздің жауапкершілік аймағымызға кірмейді. Қажетті сұраулар тиісті мекемелерге жолданды», – деді оператор өкілдері.
Сапасыз қызмет үшін абоненттік төлемді қайтару мәселесі оператордың өз тарапынан ақаулар анықталған жағдайда ғана қарастырылады. Мұндай жағдай тіркелсе, ақау толық жойылып, жаппай техникалық мәселелер шешілгеннен кейін төлем автоматты түрде қайта есептеледі. Ал қазіргі жағдайда байланыс қызметтері қолданыстағы келісімшарт талаптарына сәйкес көрсетілгендіктен, абоненттік төлемді қайта есептеуге негіз жоқ екені хабарланды.
Алайда қазіргі жағдайда қайта есептеуге негіз жоқ екені айтылды. Себебі байланыс қызметтері қолданыстағы келісімшарт талаптарына сәйкес көрсетілген. Сонымен қатар «Қазақтелеком» қазіргі таңда интернет сапасы тұрақталғанын, ал желі жұмысына мониторинг тұрақты түрде жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.