$ 502.27  597.15  6.57
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Алматы әуежайындағы заңбұзушылық: акционер емес ұйымға 6,8 млрд теңге дивиденд төленген

Қаржы министрлігінің аудиті стратегиялық нысанның қаржылық тәртібін әшкереледі

Алматы әуежайындағы заңбұзушылық: акционер емес ұйымға 6,8 млрд теңге дивиденд төленген
Фото: Facebook / Almaty international airport

Алматы халықаралық әуежайында акционер болып табылмайтын заңды тұлғаға 6,8 млрд теңге көлемінде дивидендтің заңсыз төленгені анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Аталған дерек Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің профилактикалық бақылауы барысында белгілі болды. Тексеру нәтижесінде әуежайдың қаржылық қызметінде елеулі заңбұзушылықтар анықталған. Атап айтқанда, акционерлік мәртебесі жоқ ұйымға ірі көлемдегі қаражат дивиденд ретінде заңсыз аударылған.

Мемлекеттік аудит қорытындысына сәйкес, бұл әрекет стратегиялық маңызы бар нысанның активтеріне кері әсер етіп, оның даму мүмкіндіктері мен қаржылық тұрақтылығын әлсіреткен. Дегенмен қабылданған шаралардың нәтижесінде заңсыз төленген қаражат толық көлемде әуежайдың есепшотына қайтарылды.

Қайтарылған қаржы Алматы халықаралық әуежайын дамытуға, жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыруға, сондай-ақ сервистік инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталатын болады.

Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің төрағасы Ержан Мыңжасаровтың айтуынша, 2025 жылдан бастап енгізілген жаңа бақылау тәсілдері аудит жүйесінің тиімділігін айтарлықтай арттырған. Комитет жаппай тексерулерден бас тартып, нақты әрі тәуекелі жоғары бағыттарға шоғырланған нысаналы аудит жүргізуге көшкен.

«Сын-қатері жоғары салаларға басымдық беру өз нәтижесін берді. Тексерулер саны 22 пайызға қысқарғанымен, анықталған заңбұзушылықтар сомасы 36 пайызға артты. Бұл жүргізілген әрбір үшінші тексерудің тиімділігі айқын өскенін көрсетеді», — деді комитет төрағасы.

Ведомство мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша бюджетке 400 млрд теңге қайтарылып, қосымша 1,2 млрд теңге көлемінде айыппұл өндірілген.