$ 501.79  595.07  6.56
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Овербукинг дауы: 274 мың теңгеге билет алған Қарағанды тұрғынына небәрі 50 мың теңге өтемақы төленді

Олардың ісі сотта қаралды

Овербукинг дауы: 274 мың теңгеге билет алған Қарағанды тұрғынына небәрі 50 мың теңге өтемақы төленді
Фотоколлаж: ЖИ арқылы жасалды/ChatGPT

Қарағанды тұрғыны сатып алған «Астана-Фукуок-Астана» бағыты бойынша рейс овербукингке байланысты тоқтатылған. Сот шешімімен әуе компаниясы небәрі 50 мың теңге моральдық өтемақы төледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жоғарғы соттың мәліметінше, ұшуға бір тәулік қалғанда әуе тасымалдаушы жолаушыны рейстің тоқтатылғаны туралы хабардар еткен.

Рейстің тоқтатылуына себеп – овербукинг, яғни әуе кемесіндегі орын санынан артық мөлшерде билеттердің сатылуы. Балама ретінде әуе компаниясы билеттердің құнын қайтаруды немесе бастапқы жоспарланған күннен 2 тәулікке кеш ұшатын «Алматы-Дананг-Алматы» бағытына ауыстыруды ұсынған.

«274 мың теңге көлемінде ақшаның бір бөлігі қайтарылғанына қарамастан, жолаушы өзіне келтірілген материалдық шығын мен сапардың бұзылуына байланысты туындаған күйзеліс пен уайым түріндегі моральдық зиянды алға тартып, тур агенті мен әуе тасымалдаушыға қарсы сотқа талап қоюмен жүгінген.

Сотта тур агентінің өкілі талап қоюды қанағаттандырудан бас тартуды сұрап, агенттің шарт аясында өз міндеттемелерін толық орындағанын атап өткен. Әуе тасымалдаушының өкілі де талап қоюды мойындамай, талап қоюшының шығындары сотқа жүгінгенге дейін өтелгенін алға тартқан.

Қарағанды қаласы Қазыбек би аудандық №2 соты істі қарау барысында «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Заңының 86-бабының 4-тармағына сілтеме жасап, жолаушыны уақтылы жеткізбеу және рейсті тоқтату үшін жауаптылық тікелей әуе тасымалдаушыға жүктелетінін көрсетті», – делінген хабарламада.

Тур агенті тасымалдауды жүзеге асыруға жауапты тарап болып табылмайтынын анықтаған сот, оның жол берілген бұзушылықтар үшін жауаптылығы жоқ деген қорытындыға келді.

«Сонымен қатар, овербукингке жол беріп, рейсті тоқтатқан әуе тасымалдаушының әрекеттері жолаушыға келтірілген моральдық зиян үшін өтемақы төлеуге негіз болып танылды. Осыған байланысты әуе компаниясынан 50 мың теңге мөлшерінде моральдық зиянды өтеу өндірілді.

Апелляциялық саты соты бірінші сатыдағы соттың қорытындыларымен келісіп, шешімді өзгеріссіз қалдырды. Сот актісі заңды күшіне енді», – деп хабарлайды Жоғарғы сот.