$ 501.79  595.07  6.56
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Рамазанда жаппай ақшалай көмек болмайды: ҚМДБ жалған ақпаратқа нүкте қойды

Қайырымдылық тек ресми тәртіппен көрсетіледі, онлайн тіркеу қарастырылмаған

Рамазанда жаппай ақшалай көмек болмайды: ҚМДБ жалған ақпаратқа нүкте қойды
Фото: vechastana.kz

Рамазан айында мұқтаж жандарға жаппай ақшалай көмек көрсетіледі деген әлеуметтік желідегі ақпарат шындыққа жанаспайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Зекет және қайырымдылық» қорының директоры Мақсатбек Қайырғалиев мәлімдеді.

Қор басшысы желіде тараған түрлі хабарламаларға сенбеуге шақырып, ҚМДБ атынан жүзеге асатын барлық қайырымдылық шаралары тек ресми сайттар мен ресми парақшаларда ғана жарияланатынын атап өтті. Оның айтуынша, қор тарапынан ешқашан онлайн тіркеу арқылы көмек беру тәжірибесі болмаған.

«Мұқтаж азаматтар көмек алу үшін қор өкілдеріне өздері келіп, жазбаша түрде өтініш қалдырады. Өтінішке әлеуметтік жағдайын дәлелдейтін құжаттар қоса тапсырылады. Барлық өтініш комиссиялық тәртіппен қаралып, шешім шыққаннан кейін ғана көмек көрсетіледі. Рамазан айында сайт арқылы тіркелу деген ұғым бізде жоқ», – деді Мақсатбек Қайырғалиев.

Сондай-ақ ҚМДБ Рамазан айында халыққа негізінен рухани және әлеуметтік қолдау көрсетуге басымдық береді. Атап айтқанда, ауызашарлар ұйымдастыру, балаларға рамазан тәттілерін тарату, мұқтаж отбасыларға азық-түлік себеттерін үлестіру – дәстүрлі түрде жүзеге асатын шаралар. Ал ақшалай көмек барлық өңірде бірдей көрсетіле бермейді және жаппай сипатқа ие емес.

Қор директорының айтуынша, кейбір аймақтарда демеушілер табылған жағдайда, қор өкілдері оларды нақты мұқтаж отбасылармен байланыстырып береді. Алайда ҚМДБ тарапынан кең көлемде ақшалай көмек көрсету үшін өтініш қабылдау немесе онлайн тіркеу жүргізу ешқашан болмаған.

Осыған байланысты ҚМДБ өкілдері азаматтарды жалған ақпаратқа алданбай, тек ресми дереккөздерге сүйенуге және күмәнді хабарламалардан сақ болуға шақырды.