$ 501.79  595.07  6.56
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Елді тұман торлап, жолдар тайғақ болады: бірнеше өңірде ауа райы күрт бұзылады

27 қаңтарда бірқатар облыста боран соғып, жел екпіні 20 м/с-қа дейін жетуі мүмкін

Елді тұман торлап, жолдар тайғақ болады: бірнеше өңірде ауа райы күрт бұзылады
Фото: istockphoto.com

Қазақстанның бірнеше өңірінде қолайсыз ауа райы күтіледі. «Қазгидромет» синоптиктері 27 қаңтар, сейсенбі күні тұман, көктайғақ, қар мен боран қаупі барын ескертті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Синоптиктердің мәліметінше, Жетісу облысында түнгі уақытта солтүстік пен батыс аумақтарды тұман басады. Ал күндіз Алакөл көлдері маңында солтүстік-шығыстан соққан желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін күшейеді.

Маңғыстау облысында түнде және таңертең батыс, оңтүстік және орталық бөліктерде тұман мен көктайғақ болады. Облыстың солтүстік-шығысында 20-22 градусқа дейін қатты аяз күтіледі. Ақтау қаласында да көктайғақ байқалуы мүмкін.

Солтүстік Қазақстан облысында, соның ішінде Петропавл қаласында тұман түседі. Ұқсас жағдай Батыс Қазақстан облысында да қалыптасып, Орал қаласында түнде және таңертең көру қашықтығы төмендейді.

Павлодар облысының солтүстігінде тұман күтіледі.

Ал Абай облысында ауа райы күрделене түседі: түнде шығыс, оңтүстік және орталықта қар жауып, боран соғады. Күндіз батыс, солтүстік және орталық аймақтарда да қарлы боран сақталады. Желдің екпіні кей жерлерде 15-20 м/с-қа жетеді.

Шығыс Қазақстан облысында түнде қар мен боран күтіліп, күндіз батыс, солтүстік және шығыс аумақтарды қамтиды. Тұман түсіп, желдің екпіні оңтүстік-шығыста күшейеді.

Қызылорда облысында көктайғақ қаупі жоғары. Солтүстік, оңтүстік және орталық аудандарда тұман болады. Қызылорда қаласында таңертең және күндіз жолдар тайғақ болуы мүмкін.

Ұлытау, Қостанай және Қарағанды облыстарында қар жауып, төменгі боран соғады. Көптеген аудандарда тұман түседі.

Ақмола облысының оңтүстігі мен шығысында аздаған қар және төменгі боран күтіледі.

Мамандар жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді жолда сақ болуға, алыс сапарларды жоспарлау кезінде ауа райы болжамын ескеруге шақырады.