Онлайн сауда ашық алаңға шығады: маркетплейстер салық органдарына есеп береді
Вице-министр Ержан Біржанов сатушылардың табысы толық бақыланатынын мәлімдеді
Енді Қазақстанда онлайн сауда арқылы жасалатын сатылымдар салық органдарының тікелей бақылауына алынады. Маркетплейстердегі барлық сауда айналымы туралы мәліметтер мемлекеттік кірістер органдарына жолданатын болады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың айтуынша, бұл жаңашылдық маркетплейстермен жасалған арнайы келісімдер аясында іске асырылмақ. Бұған дейін көптеген жеке кәсіпкерлер мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер онлайн платформалар арқылы тапқан табысын толық көлемде көрсетпей келген.
«Бұл өзгерістер, ең алдымен, маркетплейс арқылы тауар сататын кәсіпкерлерге қатысты. Қазір елімізде шамамен 300 мыңға жуық сатушы бар. Біз олардың әрқайсысының жарты жыл, жыл немесе тоқсан сайынғы нақты сатылым көлемін білуіміз керек. Бір сатушының 1 миллион теңгеге, екіншісінің 500 мың теңгеге тауар өткізгені ашық көрініп тұруы тиіс», – деді вице-министр.
Жаңа жүйе арқылы салық органдары кәсіпкерлердің шынайы табысын анықтап, заң аясында салықтың толық төленуін қамтамасыз етуді көздеп отыр. Бұл көлеңкелі экономиканы азайтып, адал бәсекені күшейтуге бағытталған қадам.
Сонымен қатар Ержан Біржанов қарапайым азаматтардың жеке сатып алулары бақылауға алынбайтынын айтты.
«Біз тек сатушылардың деректерін аламыз. Ал сіздің швабра немесе косметика сатып алғаныңыз салық органдарын қызықтырмайды», – деп түйіндеді ол.
Осылайша, онлайн саудадағы ашықтық күшейіп, кәсіпкерлер үшін жауапкершілік арта түспек.