Әлеуметтік осал жандарды 240 миллион теңгеге сан соқтырғандар сотталды
"Қарыздан құтқарамыз" деп алдағандар 6 жылдан 9 жылға дейін бас бостандығынан айырылды
Елордада автонесиеге қатысты күрделі алаяқтық схеманы ұйымдастырған қылмыстық топ мүшелеріне сот үкімі шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сотта анықталғандай, қаскөйлер қаржылық қиындыққа тап болған азаматтарға қолданыстағы тұтынушылық несиелерден «құтқарып береміз» деген уәдемен қызмет ұсынған. Алайда бұл «көмектің» артында жаңа қарызға батыру жоспары тұрған. Жәбірленушілердің атына автонесие мен өзге де кредиттер рәсімделіп, ай сайынғы төлемдерді өздері өтейміз деп сендірген.
Қылмыстық топтың әрекеті ең алдымен әлеуметтік тұрғыдан қорғансыз санаттағы адамдарға бағытталған. Табысы мардымсыз және мүмкіндігі шектеулі азаматтар қарыз жүктемесін жеңілдетеміз деген жалған үмітпен алаяқтардың шарттарына келісуге мәжбүр болған. Нәтижесінде уәде орындалмай, жүздеген адам қарыз бен жауапкершіліктің астында қалған.
Құқық қорғау органдарының дерегінше, қылмыстық әрекеттер салдарынан келтірілген материалдық шығын 240 миллион теңгеден асып кеткен.
Сот шешімімен топты ұйымдастырған адам 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал оның сыбайластарына 6 жылдан 8 жылға дейінгі мерзімге қамау жазасы тағайындалды.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.