Солтүстік Аралды сақтау: су деңгейін көтеру үшін Көкарал бөгеті реконструкциялануы мүмкін
Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Дүниежүзілік банк бірлескен жобаларды талқылады
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Қазақстандағы Дүниежүзілік банктің тұрақты өкілі Андрей Михневпен кездесті. Кездесуде Солтүстік Аралды сақтау жобасының екінші кезеңін жүзеге асыру мәселесі қаралды. Бұл жоба теңіздегі су деңгейін көтеру үшін Көкарал бөгетін реконструкциялауды көздейді. Қазіргі уақытта жобаны әзірлеу жұмыстары аяқталуға жақын, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сонымен қатар Қызылорда облысындағы ирригация желілерін цифрландыру және автоматтандыру элементтерін енгізе отырып қалпына келтіру жобасы да дайындалып жатыр. Бұл суды неғұрлым тиімді пайдалануға мүмкіндік беріп, үнемделген су көлемін Солтүстік Арал теңізіне бағыттауға жол ашады.
Қазіргі таңда бұл жобалар мемлекеттік сараптамадан өткізіліп жатыр. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар бірлескен бастамаларды іске асыру мәселелерін ҚР Премьер-министрінің төрағалығымен өтетін Халықаралық қаржы ұйымдарымен жұмыс жөніндегі үйлестіру кеңесінің қарауына шығару туралы келісті.
«V Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Солтүстік Арал теңізін сақтау мәселесіне айрықша назар аударды. Бұл мәселе мемлекеттік су саясатының басым бағыттарының бірі болып қала береді. Трансшекаралық су бойынша барлық көршілес елмен жаңа құқықтық база қалыптастырылып жатыр, тұрақты өзара іс-қимыл мен үйлестіруді қамтамасыз ететін екіжақты комиссиялар құрылып, жұмыс істеп тұр. Солтүстік Аралды сақтау және қалпына келтіру — тек экологиялық қана емес, әлеуметтік әрі стратегиялық маңызы бар міндет. Сондықтан бұл жобаның біз үшін маңызы ерекше», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.