Қазақстанның батысы мен солтүстігінде 35 градус аяз болады
Синоптиктердің болжамы жарияланды
«Қазгидромет» РМК алдағы бірнеше күнге арналған ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Синоптиктердің болжамына сүйенсек, алдағы күндері оңтүстік циклон шығысқа қарай жылжып, республиканың басым бөлігін қамтиды. Ел аумағында қар жауады, ал оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерде жауын-шашын жаңбыр мен қар түрінде күтіледі. Кей жерлерде боран соғып, көктайғақ болып, жел күшейеді.
Солтүстік-батыс, солтүстік және орталық аймақтар антициклонның ықпалында болады. Бұл өңірлерде тынық, аязды, негізінен жауын-шашынсыз ауа райы сақталады.
«Кезеңнің басында батыс және солтүстік облыстарда аязды ауа райы күтіледі, түнгі ауа температурасы -20…-35°С шамасында болады. Кейін ауа температурасының жоғарылауы болжанады: батыс пен солтүстікте түнде -7…-20°С-қа дейін, күндіз -2…-12°С-қа дейін.
Ал орталық, шығыс және оңтүстік-шығыс өңірлерде ауа температурасының төмендеуі күтіледі: түнде -3…-18°С, таулы аудандарда -15…-23°С, күндіз 0…-7°С, таулы жерлерде -8…-15°С болады», – делінген синоптиктердің болжамында.