Маңғыстауға көктем ерте келді: Мұнайлы ауданында үйлер мен аулаларды су басты
Қардың қарқынды еруі салдарынан Қызғалдақ көшесіндегі 6 үй мен 75 тұрғын үйдің ауласына су жиналды
Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданында қардың күрт еруі салдарынан тұрғын үйлер мен аула аумақтарын су басты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жыл басынан бері аудан әкімдігіне тұрғындардан жүзге жуық өтініш түскен. Ресми мәліметке сәйкес, шағымдардың басым бөлігі аулалар мен тұрғын үйлерге іргелес аумақтарда судың уақытша жиналуына байланысты. Қазіргі таңда тұрғын үйлердің құрылысына айтарлықтай залал келгені тіркелмеген.
25 қаңтардағы жағдай бойынша Қызғалдақ көшесінде орналасқан алты тұрғын үйді су басқаны анықталды. Сондай-ақ ауылдық округ аумағындағы 75 тұрғын үйдің ауласында су жиналған.
Мұнайлы ауданы әкімдігі жағдайға жедел әрекет етіп, су басқан аумақтарда апат салдарын жою жұмыстарын ұйымдастырды. Қазіргі таңда коммуналдық қызметтер арнайы сорғы қондырғыларын іске қосып, дренаж жүйелері арқылы суды әкету жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, ахуал толық бақылауда.