Қостанайда боран салдарынан жол жабылды: дизельді және қоғамдық көлікке шектеу қойылды
«Қостанай- Әулиекөл- Сұрған» тасжолында қозғалыс уақытша тоқтатылды
Қостанай облысында ауа райының күрт нашарлауына байланысты республикалық маңызы бар автожолдардың бірінде көлік қозғалысы шектелді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы баспасөз қызметінің мәліметінше, 2026 жылғы 26 қаңтар сағат 03:00–де қолайсыз метеожағдайға байланысты «Қостанай — Әулиекөл — Сұрған» автожолының 8-218 шақырымы аралығындағы учаскесінде (Тобыл қаласы — Октябрьское ауылы) дизельді және қоғамдық көлік түрлері үшін қозғалысқа шектеу енгізілді.
Жол қызметтері аталған бағытта қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. Қазіргі таңда жолды 2026 жылғы 26 қаңтар сағат 09:00–де ашу жоспарланған. Алайда бұл мерзім ауа райының жағдайына байланысты өзгеруі мүмкін.
Мамандар жүргізушілерді алыс жолға шықпас бұрын ахуалды нақтылап алуға және сақтық шараларын қатаң ұстануға шақырады.