$ 503.35  590.63  6.62
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Жолдағы ақау картада көрінеді: ШҚО трассалары толық цифрланады

Аймақтағы жол желісі толық диагностикаланып, e-Joldar ұлттық платформасына біріктіріледі

Жолдағы ақау картада көрінеді: ШҚО трассалары толық цифрланады
Фото: motor.kz

Шығыс Қазақстан облысында көлік жолдарын цифрландыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Өңірде облыстық маңыздағы жолдарға цифрлық паспорттар жасалып, жол жабынының нақты жағдайына аспаптық диагностика жүргізілуде. Бұл – елдегі барлық жол туралы мәліметті бір арнаға тоғыстыратын e-Joldar бірыңғай деректер базасын іске қосуға дайындықтың бір бөлігі.

Аймақ үшін бұл бастама аса өзекті. Бұған дейін жол желісіне қатысты деректер ұзақ жылдар бойы жаңартылмай, нақты жағдайды толық көрсетпей келген. Көптеген автожолдың мүлде техникалық паспорты болмаған. Ал жолдардың ұзындығы, тозу деңгейі мен ақаулары жөніндегі ақпарат шынайы ахуалмен жиі сәйкес келмейтін. Қазір бұл олқылықтың орны толып, әрбір жол учаскесіне қатысты жеке цифрлық деректер қалыптастырылуда.

Қазіргі таңда Шығыс Қазақстан облысында жалпы ұзындығы 990 шақырым болатын облыстық маңыздағы жолдар бойынша паспортизациялау және диагностикалау жұмыстары ішінара аяқталған. Жиналып жатқан ақпарат формалды есепке емес, заманауи цифрлық технологиялар мен аспаптық өлшеулерге негізделіп отыр.

Өңірде жол жабынының жай-күйін анықтайтын жасанды интеллектке негізделген Smart Road Diagnostic System жүйесі қолданылады. Бұл технология жолдағы ақауларды анықтап, тозу деңгейін тіркеп, проблемалы учаскелерді бірден цифрлық картада көрсетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жүйе жолдардың тек қазіргі жағдайын ғана емес, алдағы пайдалану мерзімін де болжауға жол ашады.

«Цифрландыру бізге жолдардың жай-күйін жай ғана көзбен көру үшін емес, нақты әрі өлшенетін деректер алуға жол ашады. Біз проблемалы учаскелерді, тозу деңгейін көріп, тиісті шешімдерді алдын ала қабылдай аламыз. Бұл сапаны бақылау мен жөндеу жұмыстарын жоспарлауды түбегейлі өзгертеді», – деді Жол активтері ұлттық сапа орталығы ШҚО филиалының инженері Дархан Мұратбек.

Жиналған барлық мәлімет e-Joldar бірыңғай ұлттық платформасына біріктіріледі. Бұл жүйе жол инфрақұрылымын басқаруға арналған және KazToll, ЕРАП, сондай-ақ Smart Road Diagnostic System секілді қолданыстағы сервистермен ықпалдастырылып, ақылы және ақысыз жолдардың барлығын қамтитын болады.