Конституциялық реформа: саяси орнықтылық пен азамат құқығы басты назарда
Бір палаталы Парламент пен партияларды қаржыландыруды қатаң бақылау ұсынылды
Қазақстанда Конституциялық реформа аясында саяси жүйені жаңғыртуға бағытталған бірқатар маңызды ұсыныстар талқыланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның алғашқы отырысында комиссия мүшесі, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Марат Башимов алдағы өзгерістердің негізгі басымдықтарына тоқталды. Оның айтуынша, реформалар ішкі саяси тұрақтылықты нығайтуға, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын нақты қорғауға бағытталады.
Депутат қазіргі әлемдік ахуалдың күрделене түскенін атап өтті. Халықаралық құқық нормалары әлсіреп, жаһандық тәртіптің бұрынғы тұрақтылығы шайқалып жатқан тұста, кез келген мемлекеттің беріктігі мықты ішкі негізге тікелей байланысты. Осы тұрғыда Қазақстан үшін конституциялық орнықтылықты қамтамасыз ету ерекше маңызға ие.
Маңызды институционалдық қадамдардың бірі ретінде Марат Башимов бір палаталы Парламентке көшу мәселесін атады. Оның пікірінше, бұл шешім жоғарғы өкілді органның жұмысын оңтайландырып, заң шығару үдерісінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар депутат саяси партиялардың қаржыландыруына қатысты қатаң талаптар енгізу қажеттігін айтты. Атап айтқанда, шетелдік заңды тұлғаларға, шетел азаматтарына, азаматтығы жоқ адамдарға, шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдарға, сондай-ақ шетелдік қатысуы бар отандық компанияларға партияларды қаржыландыруға толық тыйым салу ұсынылды. Бұл қадам елдің саяси тәуелсіздігін сақтауға және ішкі саяси процестердің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған.
«2026 жылғы конституциялық реформа адамның мемлекет үшін ең жоғары құндылық екенін тағы бір мәрте айқындайды. Мемлекеттік саясаттың өзегінде – нақты адам, оның құқықтары, бостандықтары мен қадір-қасиеті тұруы тиіс. Құқықтар мемлекет тарапынан берілмейді, олар адамға туа біткен. Реформаның түпкі мақсаты – сол құқықтарды нақты әрі тиімді қорғау», – деді Марат Башимов.
Реформаның идеологиялық негізі ретінде ол Ұлттық құрылтайда Президент жариялаған жалпыұлттық құндылықтарды атап өтті. Олардың қатарында тәуелсіздік пен патриотизм, бірлік пен ынтымақтастық, әділеттілік пен жауапкершілік, заң мен тәртіп, еңбекқорлық, кәсібилік, жаңашылдық пен шығармашылық бар.
Депутаттың пікірінше, жоспарланып отырған конституциялық өзгерістер Қазақстанның прогрессивті дамуына серпін беріп, мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайтады әрі азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғаудың сапалы жаңа деңгейін қалыптастырады.