$ 503.35  590.63  6.62
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Президенттің сынынан кейін Медициналық сақтандыру қорына жаңа басшы келді

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын Гүлмира Сабденбек басқарады

Президенттің сынынан кейін Медициналық сақтандыру қорына жаңа басшы келді
Фото: gov.kz

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы ауысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

ҚР Қаржы министрлігінің аппарат басшысы Эрнар Ержанов қор ұжымына жаңа басқарма төрағасы Гүлмира Сабденбекті ресми түрде таныстырды.

Гүлмира Сабденбек бұған дейін денсаулық сақтау жүйесінде және мемлекеттік басқару саласында бірқатар жауапты қызмет атқарған. Ол Ұлттық медициналық холдингтің стратегиялық даму департаментін басқарды, сондай-ақ «Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары болды. Кейін ҚР Президенті Әкімшілігінде әлеуметтік-экономикалық саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметін атқарып, әлеуметтік саясат, орнықты даму, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау мәселелерімен айналысқан.

Сонымен қатар, басқарма төрағасының бірінші орынбасары ретінде Айдар Мекебеков таныстырылды. Ол Қаржы министрлігі жүйесінде ұзақ жыл еңбек етіп, салық инспекторынан бастап мемлекеттік кірістер мен қаржылық бақылау органдарында басшылық қызметтер атқарған. Бұдан бөлек, Қаржы мониторингі комитеті төрағасының орынбасары болған. Соңғы жылдары «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-де ұрлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі департамент директоры қызметін атқарған.

Еске салсақ, Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жұмысын қатаң сынға алып, денсаулық сақтау саласын дамытуға бөлінген қомақты қаражаттың мақсатсыз жұмсалып жатқанын айтқан еді.