МӘМС қаржысы талан-таражға түсті: Астанада 80 млн теңгелік алаяқтық әшкереленді
Жеке клиника құрылтайшысы мен мемлекеттік орталықтың экс-маманы сотталды
Астанада әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының (МӘМС) қаржысын жымқыруға қатысты ірі алаяқтық іс әшкереленді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қаланың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты жеке медициналық ұйымның құрылтайшысын және Ұлттық денсаулық сақтауды дамыту ғылыми орталығының астаналық филиалында бұрын жұмыс істеген маманды кінәлі деп таныды.
Сотта белгілі болғандай, 2023 жылы сәуір-шілде айларының аралығында клиника құрылтайшысы қор қаржысын заңсыз иемденуге бағытталған қылмыстық схеманы әдейі ұйымдастырған. Ол азаматтарды өз медициналық ұйымына нақты қызмет көрсетпестен, тек қағаз жүзінде ғана тіркеу арқылы мемлекет қаржысын алуды көздеген.
Бұл жоспарды іске асыру үшін ол Ұлттық денсаулық сақтауды дамыту ғылыми орталығының астаналық филиалындағы маманға сыйақы ұсынып, азаматтарды тіркеу жөніндегі жалған өтініштерді заңсыз мақұлдатқан. Маман бұл ұсынысқа келісіп, схеманың жүзеге асуына тікелей атсалысқан.
Осылайша 15 мыңнан астам азамат жеке медициналық ұйымға жалған тіркеліп, нәтижесінде әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры шамамен 80 миллион теңге шығынға ұшыраған. Тергеу деректеріне сәйкес, жымқырылған қаражат айыпталушылар арасында өзара бөлінген.
Айыпталушылар сот барысында кінәсін толық мойындады. Олардың кінәсі жәбірленуші тараптың, куәгерлердің айғақтарымен және сараптамалық қорытындылармен толық дәлелденді.
Сот үкімімен қылмыстық схеманы ұйымдастырушы 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал оның сыбайласы амнистияға байланысты 2 жыл 4 ай мерзімге сотталды.
Сот айыпталушылардың бұрын сотты болмағанын, кәмелетке толмаған балаларының барын, кінәсін мойындап, өкініш білдіргенін ескеріп, жеңілдететін жағдай ретінде қарастырды. Қатаңдататын мән-жайлар анықталған жоқ. Үкім әзірге заңды күшіне енбеді.