Оралдағы оқушылардың жаппай әлімжеттігі: бала құрдасын ұрып, видеоға түсірген
Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды
Орал қаласындағы №17 мектеп оқушысының туыстары оның қатарластары тарапынан жүйелі түрде қорлық көріп, соққыға жығылатынын хабарлаған. Олардың айтуынша, кінәлілер болған жағдайды видеоға түсіріп, оны мектеп ішінде таратқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әлеуметтік желілерде таралған бейнежазбаға байланысты Орал қаласы Абай аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері тексеру жүргізген.
Анықталғандай, оқиға өткен жылдың қазан айында болған. Аталған дерек бойынша ешқандай арыз-шағым түспеген.
«Видеодағы оқушылардың жеке бастары анықталып, бөлімшеге түсті. Кәмелетке толмағандар жасаған бұзақылық дерегі бойынша әкімшілік іс қозғалды. Жасөспірімдердің ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар ата-аналардың кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу және оқыту міндеттерін орындамау дерегі бойынша материал жиналды. Барлық материал кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның қарауына жолданды. Бұдан бөлек, кәмелетке толмағандар жасаған құқыққа қайшы әрекеттер туралы хабарламағаны үшін білім бөліміне қатысты ұсыныс енгізілді», - деп хабарлады полиция департаменті.
Қазір кәмелетке толмаған балаға психологтар көмектесіп жатыр. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс те қозғалды. Қылмыстық істің тергеу барысы полиция департаменті басшылығының бақылауында.