Тағы бір қазақстандық Australian Open турнирін жеңіспен бастады
Кездесу үш сетке созылды
Қазақстанның әйелдер арасындағы жұптық сындағы бірінші ракеткасы Анна Данилина 2026 жылғы Аустралияның ашық чемпионатындағы (Australian Open) өнерін сәтті бастады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қазақстандық теннисші Сербия өкілі Александра Хромачевамен жұптасып ойнап жүр. Бұл жұп турнирде жетінші нөмірмен тіркелген.
Бірінші айналымда Данилина мен Хромачева америкалық Куинн Глиссон және ресейлік Елена Приданкинамен кездесті. Кездесу тартысты өтіп, үш сетке созылды. Нәтижесінде қазақстандық-сербиялық тандем 7:5, 4:6, 6:0 есебімен жеңіске жетті.
Қарсыластар кортта 2 сағат 21 минут өткізді. Осы уақыт ішінде Данилина мен оның серіктесі екі эйс жасап, екі қос қате жіберді және тоғыз брейк-пойнттың жетеуін сәтті пайдаланды.
Екінші айналымда оларды аустралиялық жұп – Арина Родионова мен Дарья Касаткина күтіп тұр. Кездесу ертеңге жоспарланған.
Айта кетейік, осыған дейін Елена Рыбакина мен Александр Бублик жеңіске жеткені хабарланған.