$ 506.7  593.14  6.53
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Аязды күні апатқа ұшыраған қазандық: Щучинск тұрғындары жылусыз қалды

Бурабай ауданының әкімі тұрғындардан кешірім сұрап, жағдайды жеке бақылауына алғанын айтты

Аязды күні апатқа ұшыраған қазандық: Щучинск тұрғындары жылусыз қалды
Фото: freepik.com

Бет қаратпас шыңылтыр аязда Щучинск қаласының Институт шағын ауданы қазандықтағы апат салдарынан жылусыз қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қаладағы 20 қызметтік қазандық істен шығып, төтенше жағдай орын алды. Апатқа байланысты коммуналдық қызметтер жылу беруді уақытша тоқтатуға мәжбүр болған. Салдарынан бірнеше тұрғын үй жылудан ажырап, жұрт қақаған суықтың құрсауында қалды.

Бурабай ауданының әкімі Арай Садықов әлеуметтік желі арқылы тұрғындарға үндеу жасап, болған жағдайға байланысты халықтан кешірім сұрады.

«Құрметті Щучинск қаласының Бурабай ауданы тұрғындары! Бүгін 20-қызметтік қазандықта апатты жағдай тіркелді. Соған байланысты Институт шағын ауданына жылу беру уақытша тоқтатылды. Қазіргі таңда барлық күш пен ресурс апатты жоюға жұмылдырылды», – деп жазды аудан әкімі.

Әкімнің айтуынша, жөндеу жұмыстары тәулік бойы жүргізіліп жатыр. Мамандар ақауды қысқа мерзімде қалпына келтіруге тырысып бағуда. Сондай ақ, аудан басшысы тұрғындарды сабыр сақтауға шақырып, жағдай бақылауда екенін атап өтті. Оның сөзінше, апаттың салдары барынша қысқа мерзімде жойылып, жылу беру қайта қалпына келтіріледі.