Балиде блогерге шабуыл жасап ұсталған қазақстандық модельге консулдық қолдау көрсетілмек
Сыртқы істер министрлігі Балиде ҚР азаматының ұсталғаны туралы ақпаратты растап, іске қатысты түсініктеме берді
Индонезияның Бали аралында қазақстандық азаматтың ұсталғанын Сыртқы істер министрлігі растады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде қазақстандық модель Гүлсезім Алтайбекованың қамауға алынғаны туралы мәлімет тараған еді. Ол мейрамханалардың бірінде ресейлік блогер Карина Фадеевке шабуыл жасады деген күдікке ілінген. Кейбір бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, тергеу амалдары жүргізіліп жатқандықтан, сот Алтайбекованы екі айға қамау туралы шешім шығарған.
Аталған жайтқа қатысты ҚР Сыртқы істер министрлігі былайша түсініктеме берді:
«Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Индонезия аумағында отандасымыздың ұсталғанынан хабардар. Алайда істің мән-жайы мен қылмыстық процестің егжей-тегжейі жария етуге жатпайды. Процессуалдық мәртебе мен қолданылатын шараларды Индонезияның құзырлы органдары ғана ұлттық заңнамасына сәйкес анықтайды», – делінген ведомство таратқан хабарламада.
Сонымен бірге Сыртқы істер министрлігі Қазақстанның Индонезиядағы дипломатиялық өкілдігі отандасымызды қорғау аясында қажетті консулдық қолдау көрсетуге әзір екенін жеткізді. Қазір құқық қорғау органдары істі жан-жақты тексеріп жатыр.