Депутат балалардың әлеуметтік желілерге қол жеткізуін заңнамалық тұрғыда шектеуді ұсынды
Цифрлық ортада кәмелетке толмағандар әлжуаз болады, дейді ол
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ерлан Саиров Ұлттық құрылтайда айқындалған патриотизмнің негізгі қағидаттары жайлы айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Олар – жауапкершілік, еңбекқорлық, заңға құрмет және дәстүрлі құндылықтарды қорғау. Сонымен қатар, қоғамға жат мінез-құлық үлгілерін күштеп таңуға жол берілмейтінін атап өтті. Біз Президенттің бұл шешімдерін толық қолдаймыз. Бұл мәселе бүгінгі таңда ақпараттық және цифрлық кеңістікте болып жатқан үдерістермен тікелей байланысты. Иә, мемлекет тарапынан белгілі бір шаралар қабылданып жатыр: құқыққа қайшы контент бұғатталады, балаларды зиянды ақпараттан қорғау тетіктері іске асырылуда, платформалармен жұмыс жүргізіліп жатыр. Алайда цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы аталған тәсілдерді одан әрі жетілдіруді, осы салада жүйелі мемлекеттік саясат қалыптастыруды талап етеді», - деді Саиров.
Оның айтуынша, мәселе тек контент туралы ғана емес.
«Әңгіме өскелең ұрпақтың санасын қалыптастыру жайында болып отыр. Бұл – басты сын-қатер. Бүгінгі күні дәл әлеуметтік желілер балалардың санасы күн сайын, көп жағдайда ешқандай бақылаусыз қалыптасатын ортаға айналды. Ол енді жай ғана қарым-қатынас құралы емес, жас ұрпақтың ойлау жүйесіне, моральдық бағдарларына, әдеттеріне және өз еліне деген көзқарасына ықпал ететін кеңістікке айналды»,- деді депутат.
Оның айтуынша, мұнда бір қарапайым қағида бар: егер мемлекет тәрбиелемесе, көшe тәрбиелейді.
«Ал бүгінде көшенің орнын алгоритмдер басты. Халық арасында бекер айтылмаған: «Не ексең – соны орасың». Егер жария кеңістікте цинизм, агрессия және кез келген беделді жоққа шығару белең алса, онда жастардан жауапкершілік, жасампаздық пен заңға құрмет күтудің өзі аңғалдық болар еді. Сондықтан цифрлық орта мәселесі бүгінде тек мәдениет немесе ақпарат саласының шеңберінде ғана қарастырылмайды. Бұл – идеология мәселесі. Ал демек, ұлттық қауіпсіздік мәселесі»,- деді ол.
Депутат кәмелетке толмағандарға қатысты талаптарды қатаңдату бойынша еуропалық елдердің тәжірибесі аса маңызды екенін айтты.
«Мәселен, Францияда 2023 жылдан бастап 15 жасқа дейінгі тұлғалар үшін «цифрлық кәмелетке толу» туралы заң қолданысқа енгізілді. Норвегия мен Испанияда 2024 жылы әлеуметтік желілерді өз бетінше пайдалану үшін ең төменгі жас шегі тиісінше 15 және 16 жасқа дейін көтерілді.2025 жылғы қарашада Еуропарламент бүкіл Еуроодақ аумағында платформаларға өз бетінше қол жеткізу үшін ең төменгі жасты 16 жас деп белгілеу туралы резолюция қабылдады»,- деді ол.
Жоғарыда айтылғандарды негізге ала отырып, депутат бірқатар ұсынысты айтты:
- Балалар мен жасөспірімдердің ақпараттық қауіпсіздігін қорғау саласында бытыраңқы техникалық шешімдерден тұтас мемлекеттік саясатқа көшу бағытында қабылданып жатқан шаралар туралы.
- Цифрлық кеңістікте бірыңғай құндылықтық бағдарларды ілгерілету үшін мүдделі мемлекеттік органдардың (Мәдениет және ақпарат министрлігі; Оқу-ағарту министрлігі; Жасанды интеллект және цифрлық даму саласындағы уәкілетті органдар және т.б.) іс-қимылдарын үйлестіру тетіктерін әзірлеу туралы.
- Кәмелетке толмағандардың әлеуметтік желілерге қол жеткізуін заңнамалық тұрғыда шектеу мүмкіндігі туралы.