$ 507.05  594.82  6.51
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Ақтөбе тұрғыны өзі тұратын үйде бомба бар екенін хабарлаймын деп сотталып кетті

Терроризм туралы көрінеу жалған хабарлаған үшін қылмыстық жауаптылық көзделген

Ақтөбе тұрғыны өзі тұратын үйде бомба бар екенін хабарлаймын деп сотталып кетті
Фото: istockphoto.com

Ақтөбе қаласында 2025 жылы терроризм актілері туралы 20 көрінеу жалған хабарлама тіркеліп, барлық дерек бойынша ҚК 273-бабы (Терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Прокуратура әрбір жалған хабарлама жедел қызметтердің оқиға орнына шығуына және олардың күнделікті қызметінің бұзылуына әкеп соғатынын мәлім етті.

«Заңда көзделген қылмыстық жауаптылықтан бөлек, кінәлі тұлға келтірілген залал мен шығынды өтеуге міндетті.

Осыған байланысты мұндай анонимді хабарламалардың авторларын анықтау және ұстау бойынша барлық қажетті шаралар қабылданып жатыр. Соңғы 4 жылда облыс соттарымен 5 тұлғаға қатысты 5 қылмыстық іс қаралды.

Сот тәжірибесін талдау көрсеткендей, аталған санаттағы істер бойынша айыпталушыларға көбінесе бас бостандығынан айыру түріндегі жаза, ал сирек жағдайда бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалады», – делінген прокуратура хабарламасында.

Мысалы, 2023 жылғы 16 сәуірде Агейкин өзінің ұялы телефонын пайдаланып, 102 нөміріне қоңырау шалып, өзі тұратын үйде бомба қойылғаны туралы жалған хабарлаған. Агейкин бұрын қылмыстық жауаптылыққа тартылмаған, асырауында кішкентай баласы бар. Эмоциялар мен алкогольдің әсерінен бомба туралы жалған хабарламасы бар абайсыз әзіл Агейкин үшін қылмыстық жауаптылық пен соттылыққа айналды.

2023 жылдың 11 қыркүйегінде Ақтөбе қаласының №2 сотының үкімімен Агейкин 2 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына сотталды. Сот оның шын жүректен өкінуін, кінәсін толық мойындауын және қылмыстық құқық бұзушылықты алғаш рет жасағанын ескерді.

Осыған байланысты Ақтөбе облысының прокуратурасы терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарламалар ауыр қылмыстық құқық бұзушылық болып табылатынын және оны жасаған тұлғаның уәждері мен жасына қарамастан қатаң қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатынын еске салады.