$ 509.63  592.34  6.54
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Құрылтайдан кейінгі қадамдар: Үкімет Тоқаев тапсырмаларын қалай орындап жатыр

Үкімет Президент бастамаларын жүйелі түрде іске асырып жатыр

Құрылтайдан кейінгі қадамдар: Үкімет Тоқаев тапсырмаларын қалай орындап жатыр
Фото: primeminister.kz

Үкімет Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтай отырыстарында берген тапсырмаларын орындау бойынша кешенді жұмыс жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Президенттің бұған дейін өткен төрт құрылтай барысында ұсынған бастамаларын жүзеге асыру үшін заңнамалық база күшейтіліп, жалпы саны 26 заң қабылданды. Бұл құжаттар елді әлеуметтік-экономикалық тұрғыда жаңғыртуға бағытталған.

Инфрақұрылым: жаңа жолдар мен газдандыру

Өңірлерді дамыту мақсатында Үкімет көлік дәліздерін жаңғыртуға басымдық берді. Соның аясында ұзындығы 896 шақырым болатын «Астана – Арқалық – Торғай – Ырғыз» автожолының құрылысы басталды. Құны 1,1 трлн теңгені құрайтын жоба орталық өңірлерді Транскаспий халықаралық дәлізімен байланыстырады.

Арқалық әуежайын қалпына келтіру жұмыстары да қолға алынды. 1992 жылдан бері жұмыс істемеген әуе айлағын қайта іске қосу үшін Арнаулы мемлекеттік қордан 5,5 млрд теңге бөлінді. Жоба 2026 жылы аяқталады деп жоспарланған.

Сонымен қатар, 2024 жылы өңірлерді газдандыруға 112,4 млрд теңге бөлініп, 2 мың шақырымнан астам желі тартылды. «Талдықорған – Үшарал» магистральді газ құбыры мерзімінен бұрын пайдалануға беріліп, Жетісу облысындағы 84 елді мекен табиғи газға қосылды.

Тұрғын үй және ипотека

Үкіметтің бұл бағыттағы жұмысы Құрылтайдың II және IV отырыстарында Президент айқындап берген «Адал азамат» тұғырнамасы негізінде жүргізілуде. 

Тәсілдерді жаңарту мақсатында тәрбие жұмысы толықтай трансформацияланды. «Біртұтас тәрбие» бірыңғай бағдарламасы «Адал азамат» бағдарламасына ауыстырылды. Сонымен қатар «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына негізделген мазмұн білім беру ұйымдарына енгізілді. Осы бағытта 110 мыңнан астам педагог арнайы оқытудан өтті.

Тарихи жадыны сақтау және зиялы қауымды қолдау мәселесіне де ерекше мән берілуде. Құрылтайдың I және II отырыстарында көтерілген бастамалар нақты іске асты. Атап айтқанда, «Қазақстанның Халық жазушысы» атағы қайта қалпына келтірілді, 23 сәуір Ұлттық кітап күні болып бекітілді. Отандық авторлардың «100 кітабының» тізімі жасалып, Астанада Президенттік кітапхана жобалана бастады. Бұл нысанды пайдалануға беру 2027 жылға жоспарланған.

Әлеуметтік инклюзия және білім беру нысандары

«Адал азамат» қағидаты әрбір қазақстандыққа тең мүмкіндік қалыптастыруды көздейді. Осы мақсатта Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың IV отырысында берген тапсырмаларын орындау үшін Үкімет «Мүмкіндігі шектеулі балаларды кешенді қолдау туралы» заң жобасын әзірледі.

Қазіргі таңда құжат Мәжілістің қарауында. Заң жобасы үш негізгі бағытты қамтиды. Біріншісі – ерте анықтау. Бұл үшін диагностика мен қолдаудың бірыңғай стандарты енгізіледі. Екіншісі – цифрландыру. Барлық қызмет түрі әр балаға жеке жоспар құру арқылы «Интеграцияланған модуль» жүйесімен тағайындалады. Үшіншісі – сапаны бақылау. Психологиялық-педагогикалық көмек көрсететін ұйымдарға лицензиялау талаптары енгізіледі.

Сонымен қатар балалық шақ саласын жүйелі дамыту мақсатында «Қазақстан балалары» бірыңғай бағдарламасының тұжырымдамасы әзірленді. Құжат төрт негізгі бағытқа негізделген. Олар – баланың қауіпсіздікке, білімге, денсаулыққа, әлеуметтік қорғауға және отбасына деген құқығы. Бұл жоба балалардың құқықтарын қорғау жүйесін ретке келтіріп, мемлекеттік органдардың үйлесімді жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Нәтижесінде зорлық-зомбылық пен буллингтің салдарымен күрескеннен гөрі, олардың алдын алу шаралары күшейтіледі.

Осы жұмыстар аясында еліміз бойынша 10 553 білім беру ұйымы қауіпсіздік жүйелерімен жабдықталды.

Бұдан бөлек, оқушы орындарының тапшылығын жоюға бағытталған ауқымды бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. 2025 жылы 267 мың орынға арналған 232 мектептің құрылысы жүргізілді. Оның ішінде 112 нысан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынуда.

Сондай-ақ 2029 жылға дейін толық жаңғыртудан өтетін 1231 мектептің тізімі анықталды. Әр түрлі қаржыландыру көздері есебінен тағы 50 мектеп бой көтермек. Қосшы қаласында халықаралық үлгідегі колледж құрылысы да пысықталып жатыр.

Қоғамдық қауіпсіздік және заң үстемдігі

Қоғамның тұрақты дамуының басты кепілі – «Заң мен тәртіп» қағидатын сақтау. Осы бағытта Ұлттық құрылтай тапсырмаларын орындау аясында бірқатар заңнамалық шаралар қабылданды.

Атап айтқанда, бес біртекті заңды біріктіретін «Құқық бұзушылықтың алдын алу туралы» бірыңғай заң күшіне енді. Құжат құқық бұзушылықтың алдын алуды күшейтуге және «Заң мен тәртіп» қағидатын жүйелі түрде қамтамасыз етуге бағытталған.

Сонымен қатар букмекерлік кеңселердің қызметін реттеу күшейтіліп, лудоманиямен күресуге арналған заң қабылданды. Осы заң аясында вейптерді өндіруге және таратуға толық тыйым салынды.

Жауапкершілікті саралауға бағытталған заң да қабылданды. Соған сәйкес, есірткіні жасырғаны үшін алғаш рет ұсталған курьерлерге жаза жеңілдетіліп, ал есірткі өндірушілер мен ұйымдастырушылар үшін жауапкершілік күшейтілді. Қазіргі таңда есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2026–2028 жылдарға арналған кешенді жоспары жүзеге асырылып жатыр.

Сотталған әйелдердің, оның ішінде жүкті және жас балалары бар аналардың жазасын өтеу жағдайын жақсартуға қатысты ұсыныстар әзірленді. Қылмыстық-атқару кодексіне өзгерістер енгізу арқылы кездесулерге, қоңырау шалуға және сәлемдеме алуға қатысты құқықтарды кеңейту жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, жазадан босатуға негіз болатын аурулар тізбесін ұлғайту мәселесі пысықталуда.

Сондай-ақ «деструктивті діни ағымдар» терминін заң жүзінде бекіту және шетелде теологиялық білім алуды реттеу мақсатында тиісті түзетулер дайындалды.

Мәдениет, спорт және туризм

Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың IV отырысында шетелде мәдени қатысуды күшейту туралы берген тапсырмасына сәйкес Бейжің қаласында «Қазақстанның мәдени орталығы» ашылды. Қазіргі уақытта Мәскеуде де осындай орталық ашу мәселесі пысықталып жатыр.

Анимация саласына мемлекеттік қолдау көрсетіліп, «Қиял vs қадам» және «Бәйтерек туралы аңыз» фильмдері қаржыландырылды. Сонымен қатар 43 анимациялық шығарма YouTube платформасына жарияланды.

2019 жылдан бері алғаш рет бес толықметражды отандық мультфильм жарық көрді. Олардың қатарында «Алтын адам», «Желаяқ», «Шоқан. Қашқария сапары», «Адам. Нартәуекел», «Тоқты мен Серке» туындылары бар.

Тамыз айында Ақтауда «Үркер» халықаралық қысқаметражды анимация фестивалі өтті. Фестиваль қорытындысы бойынша «Алтын көл» анимациялық фильмі бас жүлдеге ие болса, «Тұран» туындысы «Үздік қысқаметражды фильм» номинациясына ұсынылды.

Спорт саласында коммерцияландыру саясаты жүргізіліп, бюджеттік қаржыға тәуелділікті азайту шаралары қолға алынды. Осы бағытта бірқатар футбол клубтары жекешелендірілді. Атап айтқанда, «Жеңіс» (Астана), «Қайсар» (Қызылорда), «Қызылжар» (Петропавл) клубтары жеке меншікке өтті. «Шахтер» (Қарағанды) клубын жекешелендіру жұмыстары аяқталу сатысында.

Ал «Ақтөбе» (Ақтөбе), «Елімай» (Семей), «Оқжетпес» (Көкшетау), «Тобыл» (Қостанай), «Тараз» (Тараз) және «Ертіс» (Павлодар) клубтары бойынша әлеуетті инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде.

2025 жылғы 15 желтоқсанда Көкшетау қаласында құны 13,6 млрд теңгені құрайтын көпфункционалды спорт кешені пайдалануға берілді. Нысан құрылысы Арнаулы мемлекеттік қор есебінен қаржыландырылды. Жобаның жалпы құнының 12,6 млрд теңгесі дәл осы қордан бөлінген.

Цифрландыру

Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың IV отырысында берген тапсырмаларына сәйкес Үкімет мемлекеттік басқару мен қаржы секторын ауқымды технологиялық жаңғыртуға кірісті.

Осы бағытта Ұлттық жасанды интеллект платформасын іске қосу жөніндегі жоспар бекітілді. Соған сәйкес 15 орталық мемлекеттік органда 36 ЖИ-жобасын енгізу көзделген. Бұл жобалар салық және кеден әкімшілендіруді автоматтандырудан бастап, көлік саласы мен ғылымдағы аналитикалық процестерді жетілдіруге дейінгі кең ауқымды міндеттерді қамтиды.

Сонымен қатар Ұлттық цифрлық мұрағат құру жөніндегі жол картасы қабылданды. Жоба гибридті тәсіл бойынша жүзеге асырылады. Яғни деректер отандық дата-орталықтарда сақталып, ал талдау жұмыстары бұлтты сервистер арқылы жүргізіледі. Жұмыс тобының қорытынды отырысында жобаны бірыңғай мәдени-білім беру порталына кеңейту туралы шешім қабылданды. Қазіргі таңда «е-Кітапхана», «е-Мұрағат», e-culture және e-museum жүйелерімен интеграциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бұдан бөлек, цифрлық активтердің қауіпсіз айналымын қамтамасыз етуге бағытталған тапсырмалар да іске асырылуда. Ұлттық Банк БАӘ мен Еуроодақтың озық тәжірибесін ескере отырып, заңнамалық түзетулер пакетін әзірледі. Бұл құжат криптоиндустрияны жүйелі түрде реттеуге және елдің қаржы жүйесіне төнетін тәуекелдерді азайтуға бағытталған.