Шымкенттегі 21 жастағы қыздың өлімі: күдікті марқұмның жақын танысы болуы мүмкін
Шымкентте 21 жастағы қызды пышақтап өлтірген күдікті іздестіріліп жатыр
Шымкентте 21 жастағы қыздың өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалып, күдіктіге іздеу жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Қайғылы оқиға 11 қаңтар күні болған. Көпқабатты тұрғын үйдің маңынан жас қыздың мәйіті табылып, куәгерлер оның денесінен пышақ жарақатын байқағанын айтқан.
Аталған жайтқа байланысты Шымкент қалалық Полиция департаменті ресми мәлімдеме таратты.
«Осы дерек бойынша кісі өлтіру фактісімен қылмыстық іс қозғалды. Күдіктінің жеке басы анықталды. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, ол марқұммен бұрын таныс болған. Қазіргі уақытта күдіктіні ұстау және оны қылмыстық жауапкершілікке тарту мақсатында барлық қажетті жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізіліп жатыр», – делінген полиция таратқан ақпаратта.
Құқық қорғау органдары тергеу барысына қатысты өзге мәліметтерді жарияламады.
«Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты қосымша ақпарат жария етуге жатпайды», – деп атап өтті департамент өкілдері.
Қазір күдіктіні іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Тергеу барысы полицияның ерекше бақылауында.