Шымкенттегі әскери бөлімде сарбаздың жұмбақ өлімі: іс қозғалды
Ұлттық ұлан қазаға қатысты ресми мәлімдеме жасады
Шымкент қаласындағы 6506 әскери бөлімде мерзімді қызмет өткерген сарбаздың қазасы қоғамда резонанс тудырды. Оқиғаға байланысты Ұлттық ұлан ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Ведомство таратқан ақпаратқа сәйкес, марқұм әскери бөлімге 2025 жылғы 9 желтоқсанда шақырылған. Араға сегіз күн салып, денсаулығы сыр беріп, дәрігер көмегіне жүгінген.
«Әскери қызметші әскери бөлімге 2025 жылғы 9 желтоқсанда келген. Ол алғаш рет медициналық көмекке 17 желтоқсанда жүгінді. Осы сәттен бастап оған қажетті медициналық көмек көрсетіліп, талдаулар тағайындалып, тиісті тексерулер жүргізілді. Ол медициналық мамандардың тұрақты бақылауында болды», – делінген Ұлттық ұланның ресми хабарламасында.
Алайда 29 желтоқсанда сарбаздың жағдайы күрт нашарлап, оны шұғыл түрде қаладағы ауруханалардың біріне жеткізуге тура келген.
«29 желтоқсанда денсаулығының күрт нашарлауына байланысты оны ауруханаға жатқызу қажеттілігі туындап, Шымкент қаласындағы медициналық мекемелердің біріне жеткізілді», – деп мәлімдеді ведомство.
Дәрігерлер қолдан келгеннің бәрін жасағанымен, жас сарбаздың өмірін сақтап қалу мүмкін болмады.
«Өкінішке қарай, 2026 жылғы 6 қаңтарда барлық қабылданған шаралар мен көрсетілген медициналық көмекке қарамастан, жүрек қызметінің тоқтауы тіркелді. Алдын ала диагноз – жедел лейкоз», – деп нақтылады Ұлттық ұлан.
Бұл дерек қазір ерекше бақылауға алынған. Қайғылы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталды.
«Осы дерек бойынша әскери-тергеу департаменті қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта барлық қажетті процессуалдық іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Тергеу барысы әскери прокуратураның бақылауында», – деп хабарлады ведомство өкілі.
Құзырлы органдар сарбаздың өліміне не себеп болғанын анықтау үшін жан-жақты тексеру жүргізіп жатыр. Қоғам да бұл істің әділ әрі ашық тергелуін талап етуде.