Өскеменде жылу бағасы күрт қымбаттады
Тариф емес, ҚҚС өсімі тұрғындардың қалтасына салмақ салды
Өскемен қаласында жылу энергиясының бағасы өзгерді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Бұл жолғы қымбатшылық тарифтің көтерілуінен емес, қосылған құн салығының (ҚҚС) 12 пайыздан 16 пайызға өсуіне байланысты болып отыр.
«Шығыс Жылу» АҚ таратқан ақпаратқа сәйкес, есептеу құралдары орнатылған көпқабатты үйлердің тұрғындары бір гигакалорий жылу үшін 4 224,48 теңге төлейді.
Ал есептеу құралдары жоқ үйлердің тұрғындары үшін баға айтарлықтай жоғары. Олар бір гигакалорий үшін 5 935,62 теңге төлеуге мәжбүр.
«Есептегіштерді орнату техникалық тұрғыда мүмкін емес үйлерде жылудың құны ҚҚС-ны қоса есептегенде 4 946,34 теңгені құрайды. Ал бюджеттік ұйымдар үшін есептеу құралдары орнатылған жағдайда 33 704,45 теңге/Гкал, орнатылмаған жағдайда 51 580,33 теңге/Гкал болып бекітілді», – делінген компания хабарламасында.
Осылайша, салық мөлшерлемесінің артуы жылу құнына тікелей әсер етіп, қарапайым тұрғындар мен мекемелердің шығынын көбейтті. Сарапшылар мұндай өзгерістер алдағы уақытта коммуналдық төлемдердің жалпы өсуіне әкелуі мүмкін екенін айтады.