$ 509.94  593.88  6.43
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Алматының ЖЭО-2 қашан толық газға көшеді - Өңірлік даму кеңесінің бір жылғы жұмысы

Депутат Өңірлік даму жөніндегі республикалық кеңестің былтырғы жұмысын қорытындылады

Алматының ЖЭО-2 қашан толық газға көшеді - Өңірлік даму кеңесінің бір жылғы жұмысы
Фото: facebook.com/berik.beisengaliyev

 

«AMANAT» партиясы жанындағы Өңірлік даму жөніндегі республикалық кеңестің 2025 жылғы жұмысын қорытындылаған депутат, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Берік Бейсенғалиев аймақ-аймақтың ең басты мәселелерін атады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy

Оның айтуынша, 2025 жыл «өз-өзімізді жұбату үшін емес, қалыптасқан жағдайға нақты, принципті және ашық баға беруді талап еткен» жыл болған.

«Себебі бүгінгі өңірлік күн тәртібі – жай ғана «болашаққа қатысты мәселелер» емес, тұрғындар күн сайын бетпе-бет келіп отырған шынайы жағдай: тұрғын үй кезегі, шамадан тыс жүктелген агломерациялар, қыста жылусыз қалу қаупі және моноқалалардағы тоқырауға деген алаңдаушылық. Жалпы алғанда, биыл Кеңес мүшелері Үкіметке, орталық және жергілікті мемлекеттік органдарға 50 нақты ұсыныс жолдады», - деді сөз басында Бейсенғалиев.

Оның айтуынша, өңірлік кеңестің жыл басындағы жұмысы тұрғын үй мәселесінен басталған.

«Кезекте – 658 мың адам, әрі бұл көрсеткіш өсуде. Оның 256 мыңнан астамы – әлеуметтік осал санаттағы азаматтар. Мемлекеттік бағдарламаларға қарамастан, сұраныс толық қамтылмай отыр. Мен мұны айттым және тағы да қайталаймын: тұрғын үйдің қолжетімділігі жақсарып жатқан жоқ, керісінше күрделенуде. Біз отбасылардың ондаған жыл бойы кезек күтуіне жол бере алмаймыз. Бұл – азаматтардың мемлекетке деген сенімі мен әлеуметтік әділеттілік мәселесі. Жазда урбанизация мен агломерациялардың дамуын Кеңес отырысында жан-жақты талқыладық. Бұл да кезек күттірмейтін мәселе. Бақылаусыз көші-қон ірі қалалардың инфрақұрылымына орасан салмақ түсіруде. Президент Астананы айқын мысал ретінде келтірді: соңғы жылдары қала халқының өсімі жүз мыңдаған адаммен өлшенеді. Ресми деректерге сәйкес, маятниктік миграция (күнде жұмысқа барып-келу) есебінен елордаға күніне 200 мыңнан астам адам келеді. Бұл – жолдарға, қоғамдық көлікке, мектептерге, ауруханаларға және инженерлік желілерге түсетін «көрінбейтін» жүктеме. Осы адамдардың едәуір бөлігі Қосшы қаласында және өзге де қала маңындағы елді мекендерде тұрып, Астанада жұмыс істейді. Бұған қоса, ішкі тұрақты көші-қон үрдісі де сақталып отыр: табиғи өсімнен бөлек, жыл сайын ауылдар мен шағын қалалардан елордаға тұрақты қоныс аударушылар саны артып келеді. Қанша рет жоспарды қайта қарасақ та, бұл мәселені назардан тыс қалдыруға болмайды», - дейді ол.

Сондықтан да, депутат атап өткендей, олар агломерациялар ретсіз емес, жүйелі түрде дамуы қажет деген ұстанымды ұстанады.

«Күзде біз жылу беру маусымына дайындық пен жылу инфрақұрылымының жай-күйін талқыладық. Бұл мәселеге баса назар аударудың қажеттілігін уақыттың өзі дәйектеп отыр. Халық Екібастұздағы апатты, аязда адамдардың жылусыз қалғанын ұмытқан жоқ. Сондықтан мәселені жүйелі түрде көтердік: бүгінде жылу көздерінің едәуір бөлігі тозған, ал желілердің тозу деңгейі қауіпті жоғары күйінде қалып отыр. Ашық деректерде жылу электр орталықтарының 76 пайызы 50 жылдан астам уақыт пайдаланылып келе жатқаны, ал жылу желілерінің тозуы 52 пайыздан асқаны айтылады. Президент Жолдауында бұл туралы барынша қатаң айтты: «Үкімет пен жергілікті атқарушы биліктің әрекетсіздігі салдарынан еліміздің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы ондаған жыл бойы қараусыз қалып, оның жай-күйі өте мүшкіл жағдайға түсті. Қазір бұл ахуалды өзгертіп, инфрақұрылымның тозу деңгейін төмендету үшін тиісті шаралар қабылданып жатыр. Соның ішінде тарифтерді ырықтандыру, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының инфрақұрылымын басқарудың жаңа моделін қалыптастыру сияқты шаралар бар. Біз бұл бағытты қолдаймыз, бірақ бір нәрсені айрықша атап өтеміз: ол уәдемен емес, нақты орындалған жобалармен, мерзімдермен және жауапкершілікпен өлшенуі тиіс.Нақты мысал келтірсек, Алматы қаласы жылдар бойы ЖЭО бойынша экологиялық әрі технологиялық шешімді күтіп келеді. Ресми ақпаратқа сәйкес, Алматы ЖЭО-2-ні газға кезең-кезеңімен көшіру 2025 жылы басталып, 2026 жылы аяқталуы тиіс», - деді депутат.

Жалпы, Өңірлік кеңестің жұмысын қорытындылай келе ол желтоқсан айы моноқалалардың жай-күйін талқылаумен аяқталғанын атап өтті.

«Ал желтоқсан айында моноқалаларға арналған отырыс өңірлік саясаттағы ең өзекті бағыттардың бірі ретінде қалып отырғанын көрсетті. Бүгінде елімізде жалпы саны 20 моноқала бар, онда 1,3 миллионға жуық адам тұрады. Бұл қалалардың үлесіне елдегі өнеркәсіп өндірісінің үштен бірінен астамы тиесілі болғанымен, олардың басым бөлігі жойылу алдында тұр. Бұл – елдің шеткері аймағы емес, елдің өндірістік салмағын арқалап тұрған өңірлер. Алайда іс жүзінде моноқалаларды кешенді дамыту жоспарларының орындалмай қалу қаупі бар : қаржыландыру көлемі екі есеге жуық қысқарды, жүздеген жоба іске аспай қалды, ал негізгі шешімдер белгіленген мерзімде орындалмай отыр. Сондықтан 2026 жылы Кеңес қағаз жүзіндегі жоспарларға айналып кеткен тетіктерді қайта қарауды талап етеді. Қаражаттың бөлінуі өз алдына, оның нақты нәтижесі болуы шарт. Нәтиже көрінбеген жағдайда орындау тәртібі қатаң бақылауға алынады. Моноқалаларды нақты әртараптандыруды, балама жұмыс орындарын құруды табанды түрде алға тартамыз», - дейді депутат.

Серіктес жаңалықтары