$ 512.83  600.58  6.36
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Саяси тұрақсыздық алтынды күрт қымбаттатты

Әлемдік нарықта алтын бағасы бір апталық ең жоғары деңгейге көтеріліп, тарихи рекордқа таяды

 

Саяси тұрақсыздық алтынды күрт қымбаттатты
Фото: pixabay.com

Геосаяси шиеленіс пен АҚШ Федералды резерв жүйесінің пайыздық мөлшерлемені төмендетуі мүмкін деген күтім инвесторларды қауіпсіз активке бет бұрғызды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy

Сейсенбі күні әлемдік нарықта алтын бағасы тағы да қымбаттады. Инвесторлар геосаяси тұрақсыздық пен АҚШ-тағы ақша-несие саясаты жұмсарады деген болжам аясында қауіпсіз активтерге сұранысты арттырған.

Лондондағы саудада спот-алтын бағасы 0,3%-ға өсіп, унциясы 4 461,09 долларды құрады. Алдыңғы сессияда бағалы металл шамамен 3%-ға қымбаттаған. Айта кетейік, алтын 26 желтоқсанда 4 549,71 доллармен тарихи рекорд орнатып, 2025 жылды 64%-дық өсіммен аяқтаған. Бұл – 1979 жылдан бергі ең жоғары жылдық көрсеткіш.

АҚШ-та ақпан айына арналған алтын фьючерстері де 0,3%-ға өсіп, 4 462,60 доллар деңгейінде саудаланды.

ActivTrades компаниясының сарапшысы Рикардо Эванджелистаның айтуынша, нарықтағы ахуал алтын бағасын қолдап отыр.

«Демалыс күндері Венесуэлада болған оқиғалардан кейін геосаяси белгісіздік күшейді. Бұған қоса, АҚШ-та өндірістік PMI көрсеткішінің көңіл көншітпеуі Федералды резерв жүйесі мөлшерлемені төмендетуі мүмкін деген үмітті арттырды. Мұның бәрі алтынға деген сұранысты күшейтіп отыр», – деді ол.

Сонымен қатар, АҚШ экономикасының баяулауы да алтын бағасына оң әсер етуде. Өндірістік көрсеткіштердің әлсіреуі мен еңбек нарығы соңғы 14 айдағы ең төменгі деңгейге түсті. Сонбықтан алаңдаушылық қаржы нарығында сақтық көңіл күйді күшейтті.

Нарық ойыншылары алдағы күндері жарияланатын макроэкономикалық деректерді жіті бақылап отыр. Бұл мәліметтер алтын бағасының әрі қарайғы бағытын айқындауы мүмкін.

Бағалы металдар нарығында өзге де активтер қымбаттады. Күміс бағасы 2,4%-ға өсіп, унциясы 78,31 долларға жетті. Ол 29 желтоқсанда 83,62 доллармен тарихи максимумға шыққан еді. 2025 жылы күміс бағасы 147%-ға өсіп, өнеркәсіптік және инвестициялық сұраныстың артқанын көрсетті.

Платина 2,3%-ға қымбаттап, 2 323,15 долларды құрады. Ал палладий бағасы 1,7%-ға өсіп, унциясы 1 736,26 доллар деңгейінде саудаланды.

Серіктес жаңалықтары