Алматыда Роботтар фестивалі басталды
Фестиваль 5-8 қаңтар аралығы болады
Алматы қаласында робототехника саласындағы ірі аймақтық іс-шаралардың бірі - Роботтар фестивалі Daryn FIRST Qualifier 2026 басталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚР Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
Фестиваль оқушылардың инженерлік ойлауын, бағдарламалау дағдыларын, жобалық және командалық жұмыс мәдениетін дамытуға бағытталған.
Сайыс 4 жастан 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерге өз қабілеттерін көрсетуге мүмкіндік береді. Аталған сайысқа 200-ге жуық команда, 1500-ден астам оқушы қатысуда.
«Daryn FIRST Qualifier 2026 - оқушылар үшін тек жарыс алаңы ғана емес, STEM (ғылым, технология, инженерия және математика) бағытындағы білімді дамытуға, тәжірибе алмасуға және жасөспірімдердің кәсіби бағдарын қалыптастыруға арналған маңызды алаң», - делінген баспасөз хабарламасында.
Үш күнге созылатын сайыстың қорытындысы бойынша үздік командалар FIRST бағдарламасының келесі кезеңдеріне жолдама алады.